Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Абай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында округтегі жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалып, алдағы жоба-жоспарлар да сараланды.
Бүгінде Абай ауыл округінде халық саны 10463-ке жетіп отыр. Оның 9367-сі қазақ, 301-і орыс ұлтының өкілдері. Халықтың негізгі күнкөрісі егіншілік пен мал шаруашылығы. Биыл абайлықтар 724 гектар жерге мақта, 673 гектарға бақша, 369 гектарға көкөніс, 329 гектарға жүзім, 269 гектарға дәнді жүгері, 132 гектарға жоңышқа еккен.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстардың барысы да талқыланды. Округке қарасты 2275 гектар егістік алқаптың 1740 гектары электронды картаға еніпті. Яғни, жоспар 59,8 пайызға орындалған.
Биыл округке қарасты Алтын кемер, Отан ауылдарындағы ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтіп, ауыз су есептегіш құралдар орнатылған. Ал қалған 6 елдімекенде жалпы ұзындығы 39.63 шақырымды құрайтын 39 көше бар.
Аталған көшелердің 16 шақырымы жақсы, 1,26 шақырымы шағал тас, 3,2 шақырымы табиғи топырақ, қалған 17 шақырымы тозығы жеткен асфальт саналады. 2018 жылы Жүзімдік ауылындағы Қасқабаев, Отан ауылындағы Ә. Молдағұлова көшелеріне 7 млн 806 мың теңгеге тас төсеу жоспарлануда. Алдағы жылы 5 ауылдың көшесін жөндеу үшін 96 млн теңгеге сметалық құжаттары дайындалуда.
Ағымдағы жылы Жүзімдік ауылын газдандыру мақсатында бюджеттен 15 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Нысан 2019 жылы тапсырылады. Жобаның құны – 122 млн теңгені құрайды.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі