Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Иіржар ауылдық округі «Диқан» ауылындағы 600 орындық Қажымұқан атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс барысымен танысты.
Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мердігер «Корпорация Сити Строй» ЖШС-і құрып жатқан нысанның жалпы құны 1 миллиард 107 миллион теңгеден астам. Өңір басшысы нысан құрылысының өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуін тексеріп, бірнеше кемшіліктерді анықтады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілетін нысанды өз уақытында тапсыру және орын алып жатқан кемшіліктерді дереу түзету үшін мердігер мекеменің басшысына арнайы тапсырма берді.
«Мақтаарал ауданында қазіргі таңда 3 мектептің және 2 емхананың құрылысы жүріп жатыр. Біз жаңа ауданда білім саласына жағдай жасау үшін мектеп салуды тоқтатпаймыз. Сондай-ақ, аудан орталығында көп қабатты тұрғын үйлерді тұрғызатын жерлерді анықтаудамыз. Мемлекеттің алтын қоры саналатын суармалы жерлерімізді сақтап, халқы тығыз орналасқан мақталы өлкеде көп қабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың санын көбейтуіміз керек. Осылайша киелі Мақтааралды ауыл шаруашылығымен ғана емес, құрылыс саласымен де танымал ететін боламыз» — деді Бақыт Нәсірханұлы.
Жалпы Мақтаарал ауданында биыл 4 мектеп пайдалануға берілсе, тағы 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қажымұқан атындағы жалпы орта мектептен бөлек, құрылысы жүріп жатқан Қ.Үкібаев атындағы 300 орындық және Қ.Қайсенов атындағы 300 орындық мектептер келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, Мырзакент пен Атакент кенттерінде 250 орындық 2 емхананың бой көтеруі де мақталы өлкеде құрылыс саласының қарқындағанын көрсетеді.