Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Бестораңғыл елді мекенінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін паш еткен «Алаш» этнографиялық ауылының ашылу салтанаты өтті.
Жеке кәсіпкер Алмас Сыздықбеков «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай, еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып этноауылды ұйымдастырды. Этноауылға АҚШ, Сингапур, Польша, Франция, Германия сияқты әлемнің 20 елінен қонақтар келді.
Сәйгүліктерге мінген қос жаршы мәртебелі меймандардың этноауылға келгендерін жар салып хабарлады. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен қонақтар этноауылдың лентасын қиды.
Беташар тойдың басталғанын хабарлаған ауыл балалары көпшіліктен сүйінші сұрағандары жарасып-ақ тұрды. Жаңа түскен жас келіннің беті ашылып, барша жұртқа сәлем салды. Үлкендердің батасынан соң жастар қара жорға биіне билеп, ашық аспан астында алтыбақан тепті. Этноауылдағы салт-дәстүр шаралары ұлттық спорт ойындарына, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың көрмесіне ұласты.
«Алаш» этноауылы алдағы уақытта басқа да қонақтарды қабылдап, қазақтың байырғы тіршілігімен, ұлттық салт-дәстүрлерімен таныстыруды дамыта беретін болады.