«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қолдауымен жарық көрген «100 аңыз» кітабында әр түрлі кезеңдерде хатқа түскен, сондай-ақ ел ішінде ауызша айтылып келген халқымыздың аңыз-әфсаналары жинақталған, деп хабарлайды didarbek.kz «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кітап өзінің деректілігімен, бұрын соңды жарияланбаған тың мәліметтерімен құнды. Жинақ ғалым-мамандарға, оқытушыларға, жоғары оқу орнының студенттері мен жалпы көпшілік қауымға арналған.
Тарихи туындының тұсаукесер рәсімі ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Түркістан облысының әкімі Ж.Қансейітұлының қатысуымен 19 қазан күні, сағат 10:00-де Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтеді.
Сондай-ақ «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары», Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Жетпіс хикмет» кітабы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл» альбом-кітабы жарық көрді. Ақпараттық ғылыми танымдық альбом-каталогта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорына 40 жылдан астам уақыт жинақталған, Түркістан аймағындағы көне қалалар мен қоныстар орындарында жүргізілген археологиялық зерттеу-қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстардың ерекше үлгілері берілген. Альбом-каталог қыштан жасалған қолөнер бұйымдарының бірқатар тақырыптарын тарқатуға, керамиканың хронологиялық даму кезеңдерін нақтылауға, жергілікті керамика өнерінің даму тарихының өзге аймақтармен байланысын анықтауда музей қызметкерлері мен болашақ археолог мамандарға көмекші құрал ретінде ұсынылады.
Ал, «Зергерлік бұйымдар топтамасы» Каталогында Қазақстан Республикасы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі РМҚК қорында сақталған зергерлік әшекей бұйымдар топтамасы берілген. Каталогта зергерлік әшекей бұйымдардың жасалу технологиясын, әдіс-тәсілдерін сипаттай отырып, зергерлік әшекейлердің қолданылуы мен ерекшеліктеріне тоқталады. Каталог музей қызметкерлеріне және көпшілік оқырманға арналған.
© DIDARBEK.kz