Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты еліміздің барлық өңірлерінен гуманитарлық көмек жеткізіліп жатқаны белгілі. Еліміздің барлық аймақтарынан көмектер жеткізіліп, арыстықтарға деген жәрдемдерін аямауда. Осы игі істен Қазақстан халқы ассамблеясы да шет қалған жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен еліміздің түкпір-түкпіріндегі ассамблея мүшелері Арыс жұртшылығына қолдау көрсете білді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Нұр-Сұлтан қаласы «Достық» үйінде арнайы штаб құрылып, «Арыс. Біз біргеміз!» акциясы өтті. Осы акция аясында жиналған 7 млн. теңгені құрайтын 40 тонна азық — түлік, тұрмыстық заттар мен киім-кешек, төсек-орындарды арнайы жүк көлігімен Арыс қаласына жеткізілді.
Сонымен бірге ассамблея мүшелері заттай және қаржылай көмек көрсетіп, арыстықтармен бірге екенін көрсетті. Алғашқы күннен-ақ түркітандық ассамблея мүшелері Арыс қаласымен бірге болып, қолдан келген барлық көмектерін аямауда.