Күні кеше ғана тағайындалған Түркістан қаласының әкімі Р.Аюпов қаладағы барлық құрылыс нысандарының жұмысының жүру барысымен танысты.
Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Әуелі сапарын Шығыс базарының құрылысы түсетін аумақтан бастады, одан кейін Тұңғыш Президент паркі салынатын 34 гектар жердің құрылыс жұмыстарына дайындығын көрді. Жалпы құрылыс аймағындағы жақын орналасқан тұрғындарға қолайсыздық тудырмас қауіпсіздік шараларын ескеруге қала әкімі Р.Аюпов тапсырма берді.
Жұмыс сапарының барысында ескі қала аумағынан салынатын бірқатар аллеялар мен гүлзарларды және қайта жаңғыртылатын скверлердің құрылысын көріп, барынша көгалдандыру жұмысына басымдық беруді нақтылады. Сонымен қатар Байтанаев аллеясына екі жақтама веложол салуды мердігерлермен талқылап, барлық жұмыстың сапалылығы барынша бақылауда болатынын шаһар басшысы мердігер мекемелерге ескертті.
Жаңа әкімнің қасиетті Түркістан қаласын көркейтуде бар күш-жігерін аямай қызмет етеді деген сеніміміз мол.