Дана халқымыз ғасырлар бойғы тарихта диқаншының еңбегі, егіншінің ауыр жұмысы егін жинаумен бағаланады деп айтады. Егін жинау тақырыбы шаруашылық мамандарының ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың да ортақ тақырыбы болып қала бермек. Қазіргі таңда Арыс қаласы аумағында шаруалар астық жинау науқанын қызу жүргізіп жатыр.
Атап айтар болсақ Монтайтас елді мекенінде жүріп жатқан бидай орымының нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Өнім былтырғыдан жоғары. Бүгінгі таңда 4625 гектар алқаптың дақылы орылып, 7111,7 тонна астық жиналды. Астықты шашпай-төкпей жинауға жұмылғандар күннің ыстығына қарамай, еңбек етуде. Ал, Дермене елдімекенінде қазіргі таңда 969 гектар жерден 24225 тонна қарбыз алынды. Сонымен қатар Жиделі елдімекенінде бүгінде 1042 га – бақша өнімдері, 158 га – жүгері, 592 га – мақта, 65 га – көкөніс, 7 га – картоп, 1310 – жоңышқа бапталып, күтілуде. Алдағы уақытта өнімдерді жинау науқаны басталады. Балапанын күзде санауды әдетке айналдырған шаруа мамандары биыл жоғары нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отыр.