Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың төрағалығымен өткен аппараттың кеңейтілген мәжілісінде төрт түрлі мәселе қаралып, талқыланды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «2019 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Жетпісбаев хабарлама жасап, бюджеттің орындалуы және индикаторлық көрсеткіштер бойынша айтып өтті.
Мұнан кейінгі «Аудан бойынша абаттандыру, көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының барысы туралы» және «Аудан бойынша ауыз сумен қамту жұмыстары және оның төлемақысы туралы» аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаратүнов, «Шардара қаласын дамыту туралы» қала әкімі Ережеп Бекет хабарлама жасады.
Қала, ауыл әкімдері, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысқан кеңейтілген мәжілісте проблемалар мен кемшіліктер ашық айтылып, оның шешілу жолдары қаралды. Қайрат Жолдыбайұлы қала, ауыл әкімдері мен бөлім басшыларынан әр сала бойынша берілетін ақпарлардың бүркемеленбей нақты айтылуын талап етті. Әсіресе, қала мен ауылдағы тазалық мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс екендігін қатаң түрде ескертті.