Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы «Жетісай-Шардара-Арыс-Темірлан» автомобиль жолының Шардара ауданындағы учаскесінде жүргізіліп жатқан орта жөндеу жұмысын, Ақберді ауылындағы ауданды газбен қамтамасыз ету мақсатындағы салынған «Шардара ГРС-18 және газ құбырынан бұрып алу» нысанындағы атқарылып жатқан шаруаларды көрді.
Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Су қоймасы жағалауына барған аудан басшысы демалыс аймақтарындағы жұмыстардың талапқа сай болуына қатты назар аударды. Бұл аумақ туристердің көп келетін орны болғандықтан, барлық сақтық және қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілуін баса айтып өтті. Қайрат Жолдыбайұлы тиісті мекеме қызметкерлеріне осынау нысандарды ретке келтіруді қатаң түрде тапсырды. Туризмді дамыту үшін жағажай аумағының бірінші кезекте санитарлық тазалығы талапқа сай болуы тиіс. Суға шомылушыларға қызмет көрсетіп отырған кәсіпкер азаматтардың жұмыстары заң аясында жүргізілуі қажет. Шардара ауданының әкімі су қоймасының жағалауын таза ұстау баршаның міндеті екенін атап көрсетті.