Сарыағашта көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі.
Соңғы кездері Сарыағаш қаласында игі бастамалар іске асып, қала күннен – күнге көркейіп келеді. Қаланы абаттандырып, тұрғындардың жағдайын жасауда атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
«Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында Сарыағаш қаласы, Қапланбек оқу тәжірибе шаруашылығы аумағынан 5 қабатты 45 пәтерлі 13 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. 10 гектар жерге орналасқан нысандардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр.
Оған облыстық бюджеттен 5 млрд теңге қаржы бөлінген. Құрылысы өткен жылы басталған баспаналар алдағы тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ол кезде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, асыраушысынан айырылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар, соғыс ардагерлері мен бюджеттік сала қызметкерлері баспаналы болады. Әрбір 5 қабатты тұрғын үйде 45 пәтерден бар.