Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры Ө.Үмбетовтың айтуынша, 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау – конкурсқа қатысудағы негізгі шарт болып саналады.
Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін талапкерлер тестілеу нәтижесі бойынша кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша оқу үшін кемінде 60 балл, денсаулық сақтау саласы бойынша кемінде 65 балл жинауы қажет. Жалпы, осы гранттарға ие болу үшін үміткерлер тамыздың 5-10 аралығындағы келесі конкурсқа тапсыру үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады. Бұл арада әкімдіктер гранттарды ҰБТ балына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздардың тізімін жергілікті БАҚ-да жариялайды. Барлық нысаналы грант иегерлеріне әдеттегідей 20 949теңге көлеміндегі шәкіртақы тағайындалады. Сонымен қатар, демалыс кезінде жылына 2 рет жол өтемақысы төленеді.
Айта кетейік, Түркістан облысына бөлінген 1345 грант бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне 294 грант бөлінген. Осыған сəйкес қазіргі таңда 21 білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлерден құжаттар қабылдануда.