Шымкентте өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің ауқымы артып келеді. Атап айтсақ, 2019 жылдың алғашқы жарты жылында өндірілген өнімінің жалпы көлемі 12 миллиард 195 миллион теңгені құрады. Ал тамақ өнімдерін өндіру бағытында салынған инвестиция 2 миллиард 280 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артқан.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі П.Биназарқызының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Өнеркәсібі өрге басқан Шымкентте егін шаруашылығы да қарқынды дамыған. Қала шекарасының өзгеруіне байланысты агроқұрылымдардың да қатары көбейіп, еңбек өнімділігі де артқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бітік шығуы ағынсуға көп байланысты. Қала аумағындағы шаруа қожалықтары мен үй іргелік жерлерді ағынсумен қамтамасыз етуде «Шымкент Су Шар» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қосқан үлесі мол.
Шымшаһарға 4 аудан мен 40 елді мекен қарайды. Қала аумағының барлық жер көлемі 116 мың 280 гектарды құрайды. Оның ішінде 62 мың 971 гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Егістік жерлер 39 мың 612 гектар, жайылымдық жерлер 19 мың 371 гектар. Шымкентте 4152 ауылшаруашылығы тауар өндірушілер қызмет етеді.
Екіжақты іскерлік байланыс арқасында биыл шымқалада егін бітік шықты. Өйткені мұнда ағынсу мол. Соған сай көкөніс бақша дақылдарын күтіп-баптау жұмыстары да жоғары деңгейде жүргізілуде.