Отырар ауданында ерекше оқытуды қажет ететін бүлдіршіндер үшін «Кедергісіз келешек» жобасы аясында оңтайлы жағдай жасалған. Бұл тұста «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесінің жұмысын атап өту маңызды. Қазір орталық жанынан «Күндізгі қатынау бөлмесі» ашылған. Бұл орын тумысынан жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған балалар үшін тиімді болып отыр.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі П.Биназарқызының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Орталықтың ашылғанына — 5 жыл. Бұған дейін тиісті мамандар дертке шалдыққан балғындардың үйлеріне барып, қызмет көрсететін еді. Соңғы 1 жыл көлемінде арнайы орын дайындап, «күндіз қабылдауға» көшті. Ондағы мақсат – балаларды көпшілік ортаға үйрету.
Мекеменің негізгі міндеті – үйде отырған балаларды алып келіп, бір-бірімен таныстыру. Мұнда барлық жағдай жасалған. Керек ойыншықтардың барлығы бар. Арнайы әдіскеріміз бар. Психолог, невропатолог бар.
Мекемеде мамандар да жеткілікті. Арнайы психолог, массажист және әдіскер мен логопед жұмыс істейді. Айтып өтейік, аудан аумағында 89 бала арнайы күтімге алынған. Оның 62-сінің тірек қимылы бұзылған. Тағы 17-сі психоневрологиялық ауруға шалдыққан. Осыны ескерген жергілікті билік аудан орталығындағы нысанның ауыл-аймақтарда арнайы кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр.