Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫН ҚҰРБАНДАРЫ ҚАСҚАЙҒАН…

ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫН ҚҰРБАНДАРЫ ҚАСҚАЙҒАН…

Аза тұту – өмірдегі ең ауыр парыз. Жүз жыл тоқтамай қазақ жұртын сарсаңға салып келген солақай саясаттың құрбандары миллиондап саналады. «Нәубет», «жұт» сөздері дені сау адамды дір еткізбей қоймайды. Одан аман қалғаны келесі сойқанға тап болғаны белгілі. Саяси қуғын-сүргін талайды тәлкекке ұшыратқаны белгілі.
Еске аламыз. Ой тұңғиығына батамыз. Көздерімізден еріксіз жас ағады. Жүрек жылайды. Дене түршігеді. Сана сыздайды… «Жазмыштан озмыш жоқ» деп өз-өзімізді жұбатқымыз келеді. Алайда…

Күллі Түркі әлемі құрмет тұтатын ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметовтің айтқаны рас болса: «1937 жылы «халық жауы» болып, тәжіктен 1 адам, өзбектен 7 адам, қырғыздардан 40, Ал, қазақтан 25 мың адам атылды!!!!
Себебі, олар қазақтардан сескенген. Түркі халықтарының ішінде саяси санасы алдымен көтерілген қазақ халқы болды».
Жазушы бауырымыз Момбек Әбдіәкімұлы: «1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде Оңтүстік Қазақстан деп аталған аталмыш үш облыста түрлі жаламен 2611 адам атылып, 13 мыңдай азамат жапа шеккен. Олардың 4 мыңдай 10-15 жылға, 5 мыңдайы 5-8 жылға, 2300-дейі 1 жылдан 5 жылға дейін сотталған», деген мәліметтерді келтіреді.
Тағы бір тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстанда 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам атылса, халқымыздың 42 пайызы аштықтан қырылып, миллионнан аса адам жер аударылды.

Қасірет! Ұлы қасірет! Ешқашан қайталанбауға тиіс қасірет!..
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде «Қасірет» мемориалына қарай беттеген әрбір адамның тұла бойында ұлт жадында сақталған аласапыран мен бүгінгі бейбіт күннің бейнесі арпалысатыны – заңды нәрсе. «Өткенге – салауат!» деп қоя салуға да болмайтын тәрізді тарих. Зұлмат жылдары зардап шекпеген бір де бір қазақ отбасы қалмаған сияқты. Қазақты қырған «қызыл қырғын» – бәрімізге ортақ трагедия! Бөліп жаратын ештеңе жоқ! Біз, жойылуға шақ қалған ұлт өкілдері ретінде бұны ешқашан естерімізден шығармауымыз қажет!..

«Қасірет» мемориалында өткізілген «Алаштың арманы – азаттық таңы» шарасы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналды. Алдымен «Ана мен бала» ескерткішіне гүл себеттері қойылып, тағзым жасалды. Одан соң – бір минуттік үнсіздік! Осы сәтте суреттегі мына кісілер ой тұңғиығына батқаны байқалып қалды. Олай болмауы да мүмкін емес. Өйткені… Жазықсыз жала жабылып, қанды 1937 жылы атылып кеткендердің арасында дәл осы кісілердің де ата-бабалары бар…

1937 жылы қызыл империя жендеттерінің қолынан оққа ұшқандардың мына тізімінен біз 1894 жылы дүниеге келіп, небәрі 43 жасында жоқ жерден қуғын-сүргінге ұшырап, аяусыз атылып кеткен Нұрманов Түймебайдың аты-жөнін тауып алдық. Қазақтың біртуар бұл азаматы сол жылдары Шаяндағы колxоздардың біріне жетекшілік еткен болатын. Қол астындағы колхозды озат шаруашылыққа айналдырып келе жатқаны сол еді, үстінен түскен домалақ арыз негізінде 1937 жылы НКВД жендеттері түнделетіп келіп әкетіп қалған. Содан хабарсыз кеткен білдей азаматтың тап осы жылы атылғаны бертінде ғана анықталды. Қазіргі таңда ол кісі толығымен ақталды да. Туған немересі Жансейіт Түймебаев бүгінде – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін асқан абыроймен атқарып жүр. Алтынның сынығы емей не?!.

Облыстық саяси қуғын-сүргін музейінде талай саңлақтарымыздың аты-жөні түскен бұл қаралы тізім барынша толық келтірілген. Өңір басшысы да бабасының есімін көріп, алақанымен жай ғана сипап өтіп, бойына бала кезден дарыған асқан ұстамдылығының арқасында ғана кеп тұрған жасқа ерік бермей, үнсіз тағзым етті. Ұлттың ұлы, қазақ топырағының түлегі ғана мұншалықты сабырлық пен шыдамдылық таныта алады! Пайымдауымызша, дәл осы мезет ол қызыл қырғынға қарсы қасқайып тұрған қаһарман атасына ұқсап бой түзеді. Қазақтың қарапайым ұлдары басқаша бола алмайтын да шығар!..

Әсет Әссанди
(Суреттерді түсірген Аят Әсетұлы)

Пікір жазу