ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде Арыс қаласындағы тұрғын үй секторының, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының қалпына келтірілу, сондай-ақ Түркістан қаласындағы әкімшілік, тарихи-мәдени, әлеуметтік ғимараттардың салыну барысын тексерді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Арыс қаласын толық қалпына келтіруге және қаланың тұрақты тіршілігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі.
Арыс қаласында жалпы үйлер саны 8 637, оның ішінде 7 166 тұрғын үй жөндеуді қажет етті. Қазіргі кезде жұмыстардың 97,4% аяқталды. 433 тұрғын үй қайта салынуда. Нысандарда 163 құрылыс компаниясы, 6 мыңнан аса жұмысшы мен 286 бірлік құрылыс техникасы тартылған.
Қаладағы шағын және орта бизнес нысандарын аралау кезінде Үкімет басшысына 536 кәсіпкерлік қызмет субъектісінен 509-ы қалпына келтіруді қажет ететіні туралы ақпарат берілді. Қазірдің өзінде 316 бизнес нысаны жұмыс істей бастады.