ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде Арыс қаласындағы стадионға, ауруханаға, мектепке барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сонымен қатар жергілікті маңызы бар тарихи және сәулет ескерткіші болып табылатын «Арыс-1» теміржол вокзалы араланды. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет құрамына ғалымдар, реставраторлар, тарихшылар, Мәдениет және спорт министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері кірген комиссия құрды. Комиссия қорытындысына сәйкес, Арыс қаласының вокзалын қалпына келтіру бойынша «Самұрық-Қазына» Қоры жүзеге асырып жатқан жұмыстар оның тарихи-архитектуралық құндылығын жоймайды. ҚР Премьер-Министріне вокзалды қалпына келтіру келесі аптаның соңына дейін аяқталатыны туралы баяндалды.
Арыс қаласында барлығы 66 әлеуметтік нысан бар, оның 62-сі күрделі жөндеуден өткізілуі керек, ал 4-уі толық қалпына келтірілуі тиіс. Қазір 45 нысанда жұмыстар аяқталды.
Асқар Мамин сондай-ақ Арыс қаласында тұрғын үйлері толық бұзылған 100 отбасыға арналған 52 қос пәтерлі коттеджден тұратын жаңа ықшамауданның салыну барысын көрді.
«Барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындар үшін барлық жағдайларды жасау керек», — деп А. Мамин тұрғын үйлерді салу сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.