Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АДАМ ЖАНЫНЫҢ НҰРЫ

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АДАМ ЖАНЫНЫҢ НҰРЫ

Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Қасиетті мереке адамзаттың жанына жылылық сыйлап, жер бетінде ізгілік пен мейірім атаулының салатанат құратын кезі. Осындай қасиетті күнде әр адам баласы қайырымдылық жасап, мол сауап жинауға асығады.
Адамдар арасындағы өзара сыйластықтың, достық пен бірліктің, ынтымақтың нығая түсуіне ықпал ететін осынау қасиетті мерекеде отырарлықтар да сауапты іс жасап, қайырымдылық шарасын өткізді. «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық шарасында Көксарай, Маяқұм ауыл округтеріндегі көпбалалы аз қамтылған 80 отбасыға азық-түлік, тұрмысқа қажетті басқа заттар заттар таратылып берілді, деп хабарлайды аудандық «Отырар алқабы» газетіне сілтеме жасаған «didarbek.kz».

Бұл шара Отырар ауданы орталығындағы «Керемет» ойын-сауық кешенінің жанынан ашылған қайырымдылық бұрышының қорына жиналған қаржының есебінен жасалып отыр. Айта кету керек бұл қор екі жылдан бері тұрақты жұмыс жасап жатыр. Оған аудандағы жаны жомарт кәсіпкерлер мен аудандық мәслихат депутаттары демеушілік жасап, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып келеді. Құрбан айт мерекесі қарсаңындағы қайырымдылық шарасы барысында аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Асан Аралбай мен Көксарай ауыл округінен сайланған депутат Жолбарысхан Мырзапейіс және Маяқұм ауыл округінен сайланған депутат Бақтыбай Байымбетовтер белсенділік танытып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленді.
Шара барысында тұрғындар қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

«Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абай Құрман: «Рухани тазалықты, ізгілікті дәріптейтін мерекеде жүрегіне иман ұлаған әрбір жан айналасына қуаныш сыйлауға тырысады. Адамдар бір-біріне жақсылық тілеп, бір-бірінің үйінен дәм татады. Осындай айтулы мерекеден шет қалмай, көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйласақ деген оймен бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз»,-дейді.

Ия, қайырымдылық пен мейірім болған елдерде ғана алға қарай ілгерілеушілік болатыны ақиқат. Ендеше адамзатты жақындастыратын осынау ізгілік мерекесінде қайырымдылық жасап, барынша сауап жинауға асыққан ағайынға сәттілік тілейміз.

Пікір жазу