Түркістан облысының сақшылары тұрғындарға арнайы қабылдау өткізді. Полицейлер ашық аспан астында «Жолда қабылдау» акциясын Түркістан қаласы мен оған қарасты 16 қала, ауданда жоғары деңгейде ұйымдастырды. Полицейлер қабылдауға келген әрбір азаматтың талап-тілектерін мұқият тыңдап, көкейтесті сұрақтарына нақты жауаптарын берді, деп хабарлайды Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz».
Бұл акцияның басты мақсаты: азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету, әр түрлі сала бойынша құқықтық сауаттылығын арттыру, полицейлер мен тұрғындар арасында тығыз қарым-қатынасты одан әрі нығайту. Халық көп шоғырланған орындарда отырған полиция құрылымдарының басшылары тұрғындарды кедергісіз қабылдады.
Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Ғалымжан Есимовтің айтуынша, қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі жол қозғалысы ережесінің бұзылуы, жаяу жүргіншілер жолағының ережесін бұзу, оған салынған айыппұлдар мен автокөліктерді тіркеу, жүргізушілер куәлігін қысқа мерзімде алу, көші-қон қызметіне байланысты т.б сұрақтармен келген. Азаматтардың тарапынан қойылған сауалдардың ешқайсысы да жауапсыз қалмай, тіркеуге алынып, басшылар тарапынан дер кезінде бақылауға қойылса, енді бірінің мәселесі сол мезетте шешімін тауып жатты.
Аталмыш акция 2019 жылдың 16-17 тамыз күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін екі күн қатарынан өткізілді.
Сондай-ақ, акцияға белсене қатысқан тұрғындар арасынан әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы және қабылдауға келіп облыс полицейлеріне, олардың басшыларына алғыстарын білдірген егде жастағы апаларымыз бен аталарымыз да болды.
Айта кету керек, аталмыш акция келесі айда да ұйымдастырылады деп жоспарлануда.