Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы Мүсәлла, Тәкия қақпалары маңы мен «Түркістан тарихы» музейі және Ардагерлер аллеясы аумағын абаттандыру мақсатында дренаж жұмыстары жүруде. Мердігер – «Базис – А» құрылыс компаниясы.
Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында дүниежүзіндегі «Мәдени мұра» тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады.Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы.
Қорық-мұражай алып жатқан жердің жалпы көлемі 88,7 га. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғ.), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғғ.), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғ.), Шығыс моншасы (XVI-XVII ғ.), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті т.б. археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды.
Қорық-мұражай құрамына кіретін тарихи және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқаруда.
Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келуге туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім өтіне отырып тамыз-қазан айлары аралығында Есімхан алаңы тұсындағы Дарбаза қақпасы арқылы келе алатындықтарыңызды ескертеміз.
© DIDARBEK.kz