28-ші маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні. Арыстағы жарылысқа байланысты бұл мерекені атап өту кейінге қалдырылған болатын. Кештеу болса да қолға алынған шарада белсенділігімен көзге түскендер дараланды.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі А.Мәуленнің материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Төртінші билік өкілдерінің төл мерекесі облыстық филармонияда ұйымдастырылды.Халық пен биліктің арасында алтын көпір болған журналистердің еңбегі ескеріліп, жұмыстары жоғары бағаланды. Биылғы мерекенің бір ерекшелігі ауданда жұмыс істеп тер төккен және ақпарат құралдарымен бірлесіп жұмыс істеп жүрген азаматтарға дәнекер сыйлықтары берілді. ҚР Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай журналистерді төл мерекесімен құттықтады.
Ғалымжан Елшібай – ҚР Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы: — Оңтүстіктің журналистері басқа өңірге қарағанда әркезде белсенді сол Оңтүстіктің журналистеріне ең бастысы елдің ауызбіршілігін ойлайтын журналистердің өзіне ауызбіршілік тілеймін. Ынтымақта болып, ауызбіршілікте болып бір-бірімен сыйласып елдік мүдде жолында елдің мұң-мұқтажын, елдің мұң-мұқтажын айтуда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ынтымақтаса тірлік жасай берулеріне тілектеспін.
Ақпараттандырудағы белсенді жұмыстары үшін өңірдегі бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Биылғы бір ерекшелік осы салада еңбек етіп, дүниеден озған журналистер атынан жүлделер белгіленді. Жас та болса өз ісінің маманы болып жүрген Дана Мырзақадір «Сержан Әжиев» атындағы жүлденің иегері атанды.
Дана Мырзақадір – «Оңтүстік» телеарнасының журналисі: -Ақпарат айдыны үстемдік етіп тұрған бұл кезеңде ХХІ – ғасырда телеарнаның рөлі өте үлкен. Біздің өңірдегі қарашаңырақ «Оңтүстік» арнасы жастардың өзін көрсетуіне олардың еркін жұмыс істеуіне, шығармашылық шарықтауына үлкен мүмкіндік беріп келе жатыр. Бүгін еңбегімізді елеп, марапаттап жатыр. Біз қуаныштымыз, барша әріптестерімізді бүгігі мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Шара барысында екі үздік жоба анықталды. Олар арнайы қазылар алқасының шешімімен және елдің пікірімен таңдалды. Біреуі Оңтүстік Қазақстан газеті ұйымдастырған «Жақсылар дастан айтайын» жобасы. Екіншісі Мархабат Байғұттың «Тау Пістелі тағылымы». Алдағы уақыттта одақ осындай жобаларды марапаттауды дәстүрге айналдырмақ. Журналистер еңбегі қандай құрметке де лайық.