Қазығұрт ауданында биыл бірқатар ішкі көшелер жаңартылып, қалыпқа келтіріліп жатыр. Бүгінгі таңда облыстық, аудандық бюджет есебінен орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде биыл 75 шақырым жол жөндеу жоспарланған.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі А.Мәуленнің материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Орта жөндеу жұмыстары Жаңабазар ауылында да жүргізілуде. Асфальт төселіп жатқан Борашбаба мен Суанбаба көшелерінің жалпы ұзындығы 8 шақырым.. Бұл іске ауыл тұрғындары дән риза.
Серік Абдірахманов – Жаңабазар ауылының тұрғыны: – Міне, жолымыз жөнделіп келе жатыр құдай қаласа. Міне ауылдың ең шеткі үйіне дейін барды. Осы әр ауылдың ішкі жолдарының бәрі асфальт болады.Құдай қаласа егемендігіміздің 30 жылында істелініп жатқан жұмыс бүгіннен бастап неше күн болды осы ішкі жолдардың бәрі істелініп жатыр. Мемлекетімізге, елбасымызға, осы халқымыздың жағдайын ойлаған бүкіл басшылардың бәріне рахмет!
Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстары жастарға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр. Жұмыссыз жүрген азаматтар екі қолға бір күрек тапқанына қуануда.Соның бірі -Алтынбек Алмас.
Алтынбек Алмас – жұмысшы: -Мен міне осы ауылдың тұрғынымын. Базис ұжымына үлкен рахметімізді айтамыз. Ауылдың ішкі және сыртқы жолдарын салып беріп жатқанына. Осы фирмаға кіргеніме 2-3 ай болды. Айлықтары, тамақтары уақытылы, соған рахмет айтамыз.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданда 9 көшеге, 13 шақырым жолға 343 млн.теңге қаржы бөлініп, орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, облыстық бюджет есебінен 23 көшеге 385 млн.теңге қаржы бөлінген. Қазір жол жөндеу құрылысы басталып кетті. Мамандар алдағы уақытта жол жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады дейді.
Бексұлтан Нарқозиев – Қазығұрт аудандық ТҮКШ бөлімінің маманы: – Облыс бюджеті есебінен жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын 23 көшеге 385 млн тенге қаржы құйылып, жол жөнделетін болады, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады.