Еңселі Елорда мерекесі қарсаңында Қазығұрттық кәсіпкерлер 500-ге жуық көп балалы және жалғыз басты қарияларға материалдық көмек көрсетті. Халдерін сұрап, көңілдерін аулады.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі А.Биданның материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Болашақ мөлтек ауданында орналасқан екі қабатты төрт үйдің тұрғындары, тегін азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бірінші топтағы мүгедек Қаракөз Бекмұратова Қазығұрт ауданының тоқсан жылдығы аясында баспаналы болғанын айтады. Енді міне жомарт жандардың игілікті ісі, көңіліне қуаныш нұрын сыйлапты.
Қаракөз Бекмұратова — 1 топтағы мүгедек: Ауданның демеушілеріне үлкен алғысымды айтам. Алла разы болсын. Осылай тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп жатқандарына. Рахмет айтам.
Кең болса, кем болмайсың! Кеме қалған киелі мекеннің кәсіпкерлері қайырымдылық шараларды жиі ұйымдастырады. Демеушілер есебінен бір күннің өзінде 200-ден астам тұрғынның мұқтаждығы өтелсе. Әр мереке аясында, ауыл-округіндегі тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіліп тұрады.
Қайрат Садықов — Қазығұрт ауылының әкімі: Астана мерекесі қарсаңында тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға, жалпы саны 227 жанұяға азық-түлік үлестірілді. Көмек көрсетілді.
Қайырымдылық –қайырлы іс. Мұқтаж жандарға көмек қолын созу, халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Бүгінде өңірімізде жүрегі кең, жаны жомарт жандар аз емес. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.