Арыс күн санап, қалыпты өмірге оралып келеді. Қазір тоғыз жолдың торабындағы үйлерді қалпына келтіру үшін 3 мыңнан астам құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында жергілікті тұрғындар көп. Қазіргі таңда 340-тай үй жөнделді.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Г.Қалмырзақызының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Үкімет тарапынан Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңге беру жөнінде қаулы қабылданған болатын. Қазірдің өзінде арыстықтардың 90 пайыздан астамы осы көмекке құжат тапсырды. Таяуда барлық тұрғынның құжаты жиналады. Яғни, бұл жұмыс аяқталуға жақын тұр. ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді Хусаинов қала аумағы мен әскери қоймадан 20 шақырым радиус қашықтықта тексеру, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, радиация қаупі жоқ екенін баяндады. Ал, Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы Алмасхан Тастанбеков қала аумағында тәртіп сақшылары тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын, тұрғындардың құқығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында жұмыстар жолға қойылғанын атап өтті.