Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » О! ОРДАБАСЫ!.. ОҚО!..

О! ОРДАБАСЫ!.. ОҚО!..

«О» дегеніміз – қасиетті Ордабасы ауданы, «ОҚО» дегеніміз – Оңтүстік Қазақстан облысы…

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруына, облысымыздың 85 жылдығына, EXPO – 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің жақын арада өз жұмысын бастауына және «Түркістан 2017 жыл – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай облыс басшылығы айтулы бастаманы қолға алды. Шымкент қаласында өңіріміздің аудандары мен қалаларының «Туған жер – алтын бесігім» атты облыстық фестивалі өз байрағын көтерді.

Алдымен, осынау фестивальдің ұйымдастыру алқасы құрылып, оның жұмысын басқару және үйлестіріп отыру Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановқа тапсырылды. Одан соң қазылар алқасының құрамы мен фестивальдің өткізу кестесі бекітілді. Ең қызығы осыдан соң басталды…

Бірінен соң бірі қатарынан үш аудан кестедегі белгіленген мерзімнен бас тартып, араларынан «жүрек жұтқан» ордабасылықтар ғана фестивальдің тұсауын кесуге көз жұма кірісті. Сондықтан болар аудан мәдениетінің тізгінін ұстап келе жатқан Құрманәлі Жылқыбайдың 4-маусымдағы туған күнін бүкіл облыс жұртшылығы болып, осы фестиваль барысында атап өтуге тура келді.

Жаугершілік заманда үш жүздің, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үш Президенттің басын қосқан киелі Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков бастаған, құрамында әншісі де, бишісі де, ақыны да, күйшісі де, жырауы да, диханы да, кәсіпкері де, медицина саласының майталмандары да, құрылысшылары да, туризм тарландары да, актерлары да, журналистері де жеткілікті ордабасылық ағайындардың Темірланнан облыс орталығына бағыт алған мерекелік шеруі таңғы сағат алтыдан Шымшаһарды бетке алып жолға шықты.

Облыс орталығындағы шаралар ауыл шаруашылық өнімдерінің Әл-Фараби алаңында арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеге қойылуынан басталды. Аудандағы он ауылдық округтің бір де бірі қалып кетпей, өз өнімдерін қала жұртшылығына базар нарығынан төмен бағалармен ұсына бастады. Жәрмеңке саудасы қызып жатқанда, тап сол алаңда сәні мен салтанаты жарасқан флеш-моб көрсетіліп, «Ән салдырған ауылым» концертіне ұласқан фестивальдің салтанатты ашылуы өтіп, онда сөз алған Ордабасы ауданының әкімі А.К.Мамытбеков қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыстық Отырар кітапханасында ақын-сазгер, қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен өткен кездесудің әсерінен арылып үлгермей жатып, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониядағы «Ордабасы» фольклорлық ансамблінің «Туған ел әуендері» концертін тамашалап қайттық. Артынша Абай саябағындағы ұлттық мәдени орталықтарының «Бірлігіміз жарасқан» мерекелік концертінің әуендері Шымшаһар көгінде қалықтай түсті.

Құрылғанына бір жыл ғана болған «Ордабасы оттары» аясындағы Дүйсенхан Нақымов атындағы Әдебиет-өнер бірлестігі өз оқырмандарымен А.С.Пушкин атындағы кітапханасында қауышып, бұл кездесу үлкен поэзия кешіне айналды. Оған қатысқан ақындар мен ақындарға жүрегі жақындар мол әсер алып, көпке дейін тарағысы келмей, белгіленген уақыттан біраз асырып сұхбаттасып отырды.

Кешкісін қаламыздағы «Наурыз» алаңында ауданның экономикалық дамуы, спорт шеберлерінің жетістіктері, Қажымұқан атындағы және Өлкетану мұражайларының жәдігерлері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүр көріністері мен ұлттық спорт ойындары көрсетілді. Ордабасы ауданының кешегі күні мен бүгінінен хабар беретін арнайы түсірілген деректі фильмнен соң үлкен гала-концерт қойылды.

Әсет Әссанди
(Суреттерді түсірген Асхат Әсетұлы, Азат Дидарбек және Аят Әсетұлы)

Пікір жазу