Жуырда Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Түркістан қаласының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылға алда тұрған міндеттері туралы халықпен есеп беру кездесуін өткізді.
⠀
600-ге жуық көрерменге арналған ғимаратқа Түркістан қаласы тұрғындары, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, зиялы қауым өкілдері, әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
⠀
Сонымен қатар, қалалық мәдениет үйінде онлайн байланыс орнатылып, сұрақтарды тікелей эфирде қою мүмкіндігі қарастырылған. Жүзбе-жүз кездесуге келе алмаған тұрғындар үшін жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасы мен қала әкімдігінің инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетілді.
⠀
Жасы кіші тұрғындарға арнайы бөлме жабдықталып, ересек кісілерге ыстық сусын мен су ұсынылды. Бұған қоса, қала әкімінің есепті кездесуінің тезисі шыққан «Түркістан» газеті әр келушіге берілді.
⠀
АшықӘкімдік, ХалықтықӘкімдік ұстанымдарына сай жұмыс жасау жолында қызмет атқарып жүрген Рашид Абатұлы ұзынсонар сандар мен ресми тілден гөрі қарапайым сөздермен сөйлегенді ұйғарып кездесуді TedX форматында өткізді. Келіп түскен сұрақтардың барлығы дерлік болашақта атқарылар жобалар жайлы болғандықтан, 2019 жылғы жұмыстарды тек презентацияда көрсетіп, көбіне алдағы жұмыстарға тоқталды. Бұған қоса, сөз соңында қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшыларын ортаға шақырып, назарда әкім жүргенімен жұмыстың басым бөлігін осы кісілер жасайтынын айтып, қала дамуына қосып жатқан үлестері мен бекем бірліктері үшін алғыс білдірді.
⠀
Тұрғындар да мазалап жүрген қала дамуына қатысты көптеген сұрақтардың жауабын әкім сөзінен алғандарына алғыс білдірді. Осы арада өз аула, жанұясы, кәсібіне тікелей қатысы бар мәселелер жайлы айтып, әкімдік тарапынан қолғабыс көрсетілуін сұрады.
⠀
Өңір басшысы Ө. Естайұлы өз сөзінде қала әкімінің жаңа форматта есеп бергенін құптап, басқаларға да үлгі боларлығын алға тартты. Және, Түркістанның аз уақыт ішінде жаңара, жаңғыра түскен бүгінгі келбетіне ерекше баға беріп, жауһарға айналар шаһардың дамуы мұнымен тоқтамасын жеткізді.