Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғыннан ұрлық жайтына қатысты арыз келіп түседі. Арызданушының мәлімдеуі бойынша белгісіз біреулер оның егістік алқабынан арнайы су соратын құрылғысының 6 дана темір құбырларын қолды еткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы құны 100 мыңға жуық. Болған жайтты полицейлер тез арада ҚР ҚК-нің 188-бабы «ұрлық» бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастайды.
Аталған ұрлық қылмысын жедел ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің Жетісай АПБ қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылады. Білікті полицейлер оқиға орын алған аймақты аралап, мұқият тексеріп шығады. Сонымен қатар куәгерлерден сұрақ-жауаптар алып, қажетті бірқатар шараларды іске асырады.
Соның нәтижесінде арыз келіп түскен күні-ақ ұрлық қылмысына қатысы бар күдікті тұлға анықталды.
Қазіргі таңда ол ешқайда кетпеу туралы қолхатта. Ұсталған азамат Мақтаарал ауданының жергілікті тұрғыны. Бұрын соңды сотты болмаған. Тергеу барысы көрсеткендей, күдікті темір құбырларды ұрлап, базарға апарып сатып жіберген. Ал одан түскен ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан. Аталған іске байланысты тергеп-тексеру амалдары әлі де жалғасуда. Іс аяқталғаннан соң, құжаттар толығымен сотқа жолданатын болады.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері мүліктерге мұқият болуды ескертеді. Ұры оңай олжаға кенеліп, соның салдарынан сізге шығын келмес үшін үнемі сақтық шараларын қолданғаныңыз жөн. Мүлігіңіз жоғалса немесе ұрланса, шұғыл түрде полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде қылмыскердің ізін суытпай құрықтауға көмектеседі.
Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі.