Шымкентте Қонаев қорының ұйымдастыруымен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың рухына бағышталып Құран оқылып, ас берілді. Іс-шара барысында марапаттар тапсыру рәсімі де қалып кеткен жоқ. Өкініштісі сол, әдеттегідей сөзбен қымыз сапыратындар марапатталғандардың арасында көбірек болды да, шынайы Қонаевтың есімін ұлықтау жолында атсалысып, жан-тәнімен маңдай терін төгіп жүргендер ескерусіз қалып кете берді. Мәселен, өз үйін сатып, сол қаражатқа Д.Қонаев пен А.Асқаровқа ескерткіш жасатқан Ержан Қалдыбаев бауырымыз туралы тіптен бір ауыз сөз айтылған да жоқ. Үйін сатпақ түгілі, он мың теңгесін жұмсамаған «ардақтылар» құрметке бөленіп тұрды. Әйтеуір бір-біріне көпшік тастап, бір-бірін мақтаудан жалықпайтындар жиналған тәрізді көрініс берді. Бірде-бірі дайын ескерткішті орнатуға жәрдем жасайық дегенді айтпақ түгілі, ойына да алған жоқ…
PS. Міне, дайын ескерткіш. Оны жас меценат Ержан Қалдыбаев өзінің зәулім үйін сатып, сол үйдің қаражатына жасатты. Алыптарға арналған алып ескерткішті құтты орнына тұрғызуға елдің «абзал, құрметті» азаматтарының құлқы жоқ. Неге? Қызғаныш па? Әлде басқа мәселе ме? Кім түсіндіреді? Ертелі-кеш бұл ескерткіш қаламыздың көрікті жерлерінің бірінен бізге қол бұлғап тұратынынан еш күмән жоқ. Дегенмен, бұл игілікті іске қарсы тұрған қандай күштер? Қор ма? Әлде қордың айналасында қор болып жүргендер ме? Жауабын іздейміз…
Ал, Ержан бауырымызға Алла разы болсын дейміз…
(Ә.Ә.)