Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Осы бір жарияланбаған соғыста 18 бен 20-ның арасындағы өрімдей жастар, бас-аяғы 22 мың қазақстандықтар мамыражай тіршілік етіп жатқан елден сол жаққа аттандырылып, жат жерде өздерінің Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеді. Иә, ауған шайқасындағы адам шығыны мен зардабы аз болған жоқ. Көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Қаншама ана боздақтарынан айырылды. Сөйтіп, енді ғана жігіт атанғандар ауған даласында қаза тапты.
Темірландағы орталық саябаққа жиналған ауған соғысының ардагерлері, басқа да қонақтар жат жерде опат болғандарды бір минөт үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімінің орынбасары А.Оралбаев сөз сөйлеп, мұндай қасіреттің енді қайталанбауы жөніндегі тілегін білдірді.
Атаулы күнге арналған жиын Жастар сарайында жалғасты. Аудан әкімінің орынбасары А.Оралбаев аталған тақырыпта кеңінен баяндама жасап, ауған соғысының бір топ ардагеріне аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Ауған соғысы ардагерлері аудандық ұйымының төрағасы Е.Бектаев өз сөзінде көрген қиындықтарын тілге тиек ете келе, жас ұрпақтың мұндай қайғы-қасіретті көрмеуі жөніндегі ойын білдірді.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өнерпаздарының концертімен қорытындыланды.