Бұл азаматтар мәңгі ел есінде қалды – жайлы-жайсаң мінездерімен, іскерліктерімен, елге деген сүйіспеншіліктерімен, асқан абыройларымен. Олар елді сүйді, ел оларды сүйді. Сондықтан өмірден өткен бірқатар абзалдарымызды еске алып қойсақ деген ниеттеміз. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын!..
1. Жақсылық АРЗЫМБЕТОВ
Төлеби ауданының 1947 жылғы тумасы, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған ел ағасы Сарыағаш ауданының әкімі қызметінде 1998 жылы дүние салды. Ел қатты қайғырған ауыр қаза болды.
2. Шаймерден САТЫМБЕКОВ
Шаймерден Тұрсымбайұлы 1962 жылы дүниеге келген. Екі қайтара Арыс қаласының әкімі болған: 1999 – 2004 және 2008 жылдары. 2017 жылдың күзінде 55 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қалың қазақтың қимай қоштасқан тұлғасы еді.
3. Қамытбек АЙТӨРЕЕВ
Жетісай ауданының 1969 жылғы тумасы 2017 жылы Шымкент – Самара тасжолында орын алған жол апатынан досы Сейіт Ертай екеуі қаза тапты. 2006 жылы Шардара ауданының әкімі, 2016 жылы – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарды.
4. Сейіт ЕРТАЙ
Ерекше елгезек, жылы жүзі шуақ шашып тұратын ашық-жарқын азамат еді. 1971 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 2012 – 2016 жылдар аралығында Арыс қаласының әкімі болды. 2017 жылы Шымкент – Самара тасжолында орын алған жол апатынан досы Қамытбек Айтөреев екеуі қаза тапты.
5. Әліпбек ӨСЕРБАЕВ
Мақтаарал ауданының 1961 жылғы тумасы. Үш қайтара Түркістан қаласының әкімі болған. 2017 – 2018 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан, кейіннен – Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Соңғы қызметі – Ордабасы ауданының әкімі еді. 2020 жылы сәуір айында қимай соңғы сапарға шығарып салдық.
«Алтын алқа» баспасының мұрағаттарынан.