Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » БІЗ БІР АЛЫП ШЫНАРДЫҢ БҰТАҚТАРЫМЫЗ

БІЗ БІР АЛЫП ШЫНАРДЫҢ БҰТАҚТАРЫМЫЗ

Егеменді ел, Тәуелсіз мемлекет болғанымызға да, міне, 29 жылға аяқ басып барады. Бүгінгі таңда өшкеніміз жанды, өлгендеріміз тірілді. Тарихымызды қайта қарап бағамдай бастап, өмірден озған ұлы тұлғаларымызды да қайта тіктей түстік. Оның үстіне, кең тынысты кемеңгер ақын-жазушыларымыздың шығармашылығына да бүгінгі күннің көзімен қайта таразылап, айрықша мән беру керектігін өмірдің өзі алға тартып отыр.
Аллаға шүкір! Дінімізге қуат кірді, тіліміз де кең өріс алып, қанаттана бастады. Тіптен, өзге ұлт өкілдері ана тілімізді үйренуге ерекше ден қоя түсті. Бұл да Тәуелсіздігіміздің, Егемен болған еліміздің бірден-бір жемісі десек болады.
Әрине, бұл – аса үлкен қуаныш, ерен жаңалық. Бірақ, кейбір қазақ жастарының өз ана тіліне, халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, тарихына оншалық мән бере бермей, өзге тілде ағыла сөйлеп, кейбіреулерінің өзге дінге кіре бастауының қылаң беруі, әрине көңілге қонымсыз, тым өкінішті жайт. Тіптен, бармақ тістетіп, бас шайқатады.
Кезінде дала данышпаны ұлы Абай: “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” – дей отырып, онан соң:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз, қол емес –
Ынталы жүрек, шын көңіл.
Өзгесі хаққа жол емес», – деді емес пе?
Солай екен, Алланы көңілдің көзімен танып, тән алу – кез-келген мұсылман баласының бірден-бір басты міндеті. Ол үшін Абай шығармашылығына тағы бір тереңірек үңіліп, зерделей оқып, оның даналығы мен даралығына ерекше мән беру аса қажет. Әрі кемеңгер Абайдың Орта Азия әдебиетінен алатын орнын да анықтап, оны мұқият үйрену – Тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі күнде аса ділгір мәселелердің бірегейлерінің бірі деп білеміз.
Иә, бүгінгі таңдағы абайтанушы ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор Мекемтас Мырзахметов: “Абайды оқы, таңырқа” деп, тектен-текке айтып жүрген жоқ. Бұл – ұлы ойдың, терең тебіреністің бірден-бір жемісі. Өйткені, Абайды тану – қазақ халқын тану деген сөз. Ал Абай – қазақ халқының бірден-бір ұлы тұлғасы, кең тынысты кемеңгер ұлт көсемі, лағыл ойдың асыл қазынасы.
Ұлы Абайды кейде “бәріміз де бір кісідей білеміз” деп те ойлаймыз. Бірақ, шын мәніне келгенде, осы бір “жұмбақ” жанның жан-дүниесіне, ішкі әлеміне, ақындық арынына, даналық ойларына әлі де болса тереңірек үңіле алмай, қалқып қарап жүргеніміз де, бірден-бір шындық. Әлі оның ашылмаған сыры да, қаға берісте қалып бара жатқан қырлары да, өзіне тән ерекшеліктері де аса мол. Сол үшін де ұлы ақын:
“Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла” – деп отыр…
Ұлы ақынның шығармаларына тереңірек үңіліп, жан-жақты назар аударумен бірге, Абайдың Орта Азия өңіріне қашан кіріп барып, түбі бірге туысқан қарақалпақ, қырғыз, түрікмен және өзбек, сондай-ақ тәжік оқырмандарының жүрек төрінен қалай орын алып жатқандығын ғылыми тұрғыдан үйрену де – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.


Сондықтан болар, бүгінгі таңда Өзбекстан Республикасының Жоғары оқу орындары мен орта мектептерінде Абайдың 175 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Бұл да болса талғамы мол, таразысы әділ жастарымыздың Абай шығармаларын мұқият оқып, оны кең түрде үйренулерінің айқын дәлелін көрсетеді. Сонда ғана олар өз халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тарихын терең меңгереді. Әрі Абайдай кең тынысты кемеңгер, данышпан ақынымыздың шығармаларын, өздерінің өн бойларына сіңіргенде ғана, оларда ерекше бір сілкініс, үлкен өзгеріс пайда болмақ. Нәтижесінде, олар өз халқының, ел-жұртының қамын ойлайтын ұлы тұлға, кемеңгер көсем болып қалыптаса түспек.
Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы Тұран академиясының академигі Қалдыбек Сейданов өзінің «Абай және Орта Азия әдебиеті» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде Абайды үйреніп, танып-білудің алты түрін анық көрсетіп береді:
1) ұлы Абайдың, түбі бір туыс өзбек, қарақалпақ, қырғыз, түрікмен, сондай-ақ тәжік оқырмандары арасына қашан кіріп барып, олардың жүрек төрінен қалай орын иелегендігі;
2) ұлы ақынның Орта Азия әдебиетінің бал бұлақтарынан, оның ішінде қайсы бір классиктерін ұстаз тұтынып, шығармаларынан қалай сусындап, кімдерден нәр алғандығын да ғылыми тұрғыдан зерделей зерттеп, мұқият үйреніп, талдаулар жасау керектігі;
3) ұлы Абайдың, өзінен кейінгі, әсіресе кеңестік дәуірдегі Орта Азия әдебиетінің ірі түлғалары болған, кейбір ақындарына тигізген игі әсерлері мен ықпалдарына мән беру де, бірден-бір міндетіміз екендігі;
4) Орта Азия халықтарының ұлы ақындары болған Әлішер Науаи мен Бабыр, Әжінияз бен Бердақ, Мақтымқұлы мен Тоғалақ молда секілді поэзия майталмандарымен, Абай шығармаларында кездесетін кейбір сарындас, үндес сипаттардың негізгі мәніне жан-жақты назар аудару да, басты жұмысымыздың бірі;
5) Абай шығармаларының түбі бірге туысқан қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, өзбек, сондай-ақ тәжік тілдеріне қалай аударылып, оның өз ерекшеліктерімен қалай жетіп барғандығын, ғылыми тұрғыдан зерделей зерттеу де, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екендігі;
6) кеңестік дәуірдегі Орта Азия ғұлама ғалымдары мен ақын-жазушыларының Абай жайлы, оның шығармашылығы туралы қандай құнарлы ойлар мен қандай тың, татымды да тартымды пікірлер айтқандығына да арнайы назар аудара отырып, туысқан халық ақындарының, Абайға арнаған жыр шумақтарына дейін, талдаулар жасаулар жасап, жүйелі зерттеу де – басты міндетіміздің бірі ретінде қарастырмақпыз.
Міне мұның барлығы, дәл бүгінгі таңдағы Абайтану ғылымының алдында тұрған аса күрделі де, негізгі, өзекті де келелі мәселелердің бірі екендігін – Тәуелсіздік таңы атқалы, өмірдің өзі алға тартып отыр. Өйткені, Орта Азия әдебиетінің ұлы тұлғалары болған Науаи, Бабыр, Андалиб, Молла Нафес, Мақтымқұлы, Әжінияз, Күнқожа, Бердақ, Тоғалақ молда сияқты т.б. кең тынысты кемеңгер ақындардың, кейбір гуманистік терең ойлары мен нағыз адамилыққа жұмылдара түсетін терең пікірлері, Абай поэзиясында өзінің шынайы шешімін тапқандығы да анық байқалады.
Солай екен, Абай шығармашылығына бүгінгі күннің көзімен қайта қарап, оның ақындық әлеміне, кемеңгерлік-данышпандық сыр сипатына айрықша мән беріп, оның негізгі мәнін ашу, Абайтану ғылымының алдында тұрған өзекті мәселердің бірі, әрі ұлы Абайдың, Орта Азия өңірінде алатын орнын анықтау да, бүгінгі күннің ділгір мәселелерінің бірі екендігі анық.
Қорыта айтқанда, түбірі бірге туысқан өзбек-қазақ халықтарының ынтымақ бірлігі, өзара бір-біріне деген сүйіпеншілігі ғасырлар өткен сайын кең өріс алып, үнемі жаңа-жаңа үн, жаңа арналармен дамып, үнемі бір-бірлерінің асыл мұраларынан нәр алып, кемелдене түскен жанды үдеріс екенідігін анық аңғаруға болады.
Қазір біз ерекше заманда өмір сүріп жатырмыз. Біз түркі әлемінің, Ұлы Жібек жолының жаңаруының куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшыларының арқасында Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасына әлем қызығады. Бұл тек тиімді экономикалық байланыстарда ғана емес, әдебиет, мәдениет, ғылым-білім салаларында тығыз қарым-қатынастың арқасында әлемдік жетістіктерге қол жеткізген мемлекеттер. Бауырлас елдерге тек қана алға қадам басуды тілейміз.

© Өсербай БАЙҚАБЫЛОВ,
Ташкент облысы
Шыршық мемлекеттік педагогика институтының
аға оқытушысы.

Пікір жазу