Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Банк » МӘ! МЫНАҒАН НЕ АЙТАЙЫН?..

МӘ! МЫНАҒАН НЕ АЙТАЙЫН?..

Менің әріптесім Зәуре Мирзаходжаева күні кеше imho.com.kz ақпараттық порталына «Имамы қандай болса, жамағаты да сондай» («Каков поп, таков и приход») атты мақаласын жариялап, ол туралы Facebook-тағы өз парақшасында біраз көсіліпті. Бұған көңіл аудармай-ақ айналып өтіп кете салуға да болар еді, дегенмен әңгімені менің атымды атап тұрып бастаған соң, жауапсыз қалдыруға дәтім шыдамады.

МЕН НЕ ДЕЙМІН, ЗӘУРЕ ДЕГЕН «ДОМБЫРАМ» НЕ ДЕЙДІ?

З.Мирзаходжаева менің Әйгерім Жұмағұлова қарындасымды құттықтап жазған жазбамды желеу етіп, бірқатар «ауылға» барып-қайтыпты. Яғни, мен мақтаған қызды ол даттаған боп көрінді маған. Сөйтіп, Әйгерім өзі туралы, қызметі туралы, «тазалығы» туралы кеңінен әңгіме-дүкен құрып, жарияға жар салған.

Ә.Жұмағұлова басқаратын «Отырар» арнасынан Шымкент қаласының әкіміне шаң жуытпайтын мақтаулардың жиірек естілетінін тілге тиек еткен әріптесім: «Әйгерім басқаратын «Отырар» отырып алып мақтай берсе, аяғы жақсы болмайды» дегісі келгендей. Дәл солай «Отырар» арнасы бұрынғы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты төбесіне көтеріп, жер-көкке сыйғызбай мақтаушы еді, аяғы не болды – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті миллиондаған қарызға батқанын анықтаған жоқ па деген мәліметтерді келтіреді.

ОНЫ ҚОЙШЫ, МЫНАУСЫ РАС ПА ЕКЕН?

Қайтпас-2-дегі және Тоғыс елдімекеніндегі құны 1 миллиард 194 миллион 400 мың теңгелік кәріз жүйелері 2018 жылы тапсырылған екен де, әлі күнге дейін іске қосылмаған дейді. Ол аздай, Шымкент қаласының КЛЭП-110 кВ жеткізетін 110/10 кВ «Астана-1», «Астана-2» екі қосалқы станциясы да былтырдан бері істен шығып, 7 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған көрінеді. Зәуре-әріптесім сілтемесін беріп отырған vera.kz ақпараттық порталы: «1 миллиард 985 миллион 800 мың теңге көлемінде қаржылық бұзушылық, 10 миллиард теңгеден астам қаражат көлемінде тиімсіз жоспарлау, 13 миллиард теңгеден астам қаржы тиімсіз жұмсалғаны және процедуралық бұзушылықтың 542 айғағы анықталды», – деп отыр.
Жарайды, солай-ақ бола қойсын. Бірақ, 2018 жылы Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов емес еді ғой?! Қазіргі әкімнің бұған не қатысы бар деп сұрағым кеп отыр…

ЕНДІГІСІ, ШЫНЫНДА ДА, ҚЫЗЫҚ ЕКЕН!

«Собкор» («Отырар» арнасы) және «Дата» («Оңтүстік-Рабат» газеті) серіктестіктері салық төлеуден жалтарып жүргендей көрсетеді аса құрметті Зәуре Мирзаходжаева. Оның айтуынша, екі серіктестіктен де биылдыққа мемлекеттік кірістер органдарына бір тиын салық аударылмаған екен. Ол аздай, «Дата» серіктестігі салық төлеуді сонау 2019 жылдың қаңтарынан бастап тоқтатқан көрінеді. 2018 жылдың күзінен бері ақпарат айдынында жүзіп келе жатқан «EL!TAR» ақпараттық-сараптамалық порталы құрылған алғашқы күнінен бастап бюджетке бір тиын салық төлемегенін де айтып кетуді ұмытпаған Зәуре-ханым: «Elitar-дың құрылтайшысы Әйгерім Сералы «Отырар» арнасының дикторы болған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол «Отырар» арнасының директоры Әйгерім Жұмағұлованың туысы болып келеді», – деп қосып қоюды да ұмытпайды. Әрине, олардың туыстық қатынасы бізге мүлдем қызық емес. Дегенмен, салықтан жалтарып жүрген болса, онда қиын екен. Десек те, бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров айта жатар. Ал, біз Зәуре Мирзаходжаеваны мақаласында келтірілген мәліметтері шындыққа жанаспайтын жағдайда, жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткіміз кеп отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жалпы басқасының бәріне көз жұма салуға болатындай – кім кім туралы не жазбайды. Қазір біреумен келіспей қалсаң, әлде іштарлық пен қызғаныш салдарынан әр нәрсені оттай салу сәнге айналды ғой. Біреу ұшындым дейді, біреу – қысылдым дейді, біреу – ысылдым дейді, біреу – қышындым дейді. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайтын заман туды. Әркімнің өзінің сана-сезіміне, сауаттылық деңгейіне, түйсік-түсінігіне, жалпы деңгейіне берсін. Мәселен мына бөлмеде пәленбай жыл отасқан жарың жаһаннамға аттанып кетіп бара жатса да, сен оны емес, ана біреуді қалай мұқатсам, қалай жамандасам, қалай ұшынсам екен деп ойлап отырасың. Бұл – өмір! Ендеше, мен Зәуренің жазғанының бір сөзіне де иланып отырғаным жоқ. Дегенмен, салық туралы мәліметтері рас болып шықса, пікірім өзгеретіні даусыз. Өйткені, салық деген – мемлекет, салық деген – сіз бен біз! Ендеше «EL!TAR» ақпараттық-сараптамалық порталы дүниеге келген 2018 жылдың қазанында қазіргі қызметіне жайғасқан Нұралхан Көшеров осы портал құрылтайшыларымен ауыз жаласқан сыбайлас болмаса, бізге ақ пен қараны ажыратып берер деген үміттеміз!..

Әсет Әссанди,
Шымкент қаласы бойынша
Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір жазу