Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ОРАЗА КЕСТЕСІ: МЕГАПОЛИСТЕР

ОРАЗА КЕСТЕСІ: МЕГАПОЛИСТЕР

ОРАЗАНЫҢ МАҢЫЗЫ

Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза ұстау, хижреттің екінші жылында парыз болды.

Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынаста болмауы дегенді білдіреді.

Рамазан айы кей жылдары 29 күн, ал кейбір жылдары 30 күн болады. Рамазан айы 29 күн болған кезде де ораза толық болып есептеледі. Өйткені парыз болғаны сол айда толығымен ораза ұстау. Өйткені, пай-ғамбарымыз тоғыз мәрте Рамазан оразасын тұтқан. Бұл рамазандардың төртеуі 29, ал бесеуі 30 күн болған.

Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.

Алла былай дейді: “Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді.”

Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз былай дейді: “Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі”.

ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

а) Ораза мінез-құлығымызды түзейді:

Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады. Жүрегімізді жаман сезім мен ойлардан тазартып, басқаларға жамандық жасаудан сақтайды. Ораза бізге жақсы мінез-құлық қалыптастырып, тіпті періште сияқты халге жеткізеді. Ораза көзді ха-рамға қараудан, тілді жалған  және жаман сөздерді айтудан, құлақты харам нәрселерді тыңдаудан, асқазанды харам нәрселер жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан қорғайды.

Оразаның парыз болуының хикметі – мұсылманның Алла алдындағы ғибадат міндеттерін орындау және жамандықтардан сақтану.

ә) Ораза адамның мейірімін және жәрдемдесу сезімін күшейтеді:

Өмірінде аштықтың не екенін білмеген ауқатты адам кедейлер көрген аштық пен қиыншылықты жеткілікті түсіне алмайды. Бірақ ол адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін түсініп, кедейлердің қиыншылықтарын әлдеқайда жақсы сезініп, оларға деген мейірім-шапағат сезімдері оянады. Нәтижесінде кедейлерге қол ұшын беріп, қиыншылықтарын бөліседі.

б) Ораза адамдарға нығметтердің қадірін білуді үйретеді:

Адам қолында бар нығметтердің қадірін қолынан шығып кеткенде

ғана біледі. Бірақ болар іс болған соң оның еш пайдасы тимейді. Ораза

ұстау арқылы адам нығметтердің қадірін жақсы түсінетін болады. Бұл

сезім адамға қолындағы дәулет, нығметтердің қадірін біліп, оны бер-ген Аллаға көбірек шүкіршілік етуді үйретеді.

в) Ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады:

Бұл жайында пайғамбарымыз былай дейді: “Ораза ұстаңдар, дендерің сау болады.”

Жылдың он екі айында ас қорытудан шаршап, бөгіп қалған денедегі асқорыту мүшелері оразаның арқасында демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан организмге пайдалы екенін анықтаған.

Нобель сыйлығының иегері Француз ғалымы, доктор Алексей Корель ораза жайында былай дейді:

“Ораза кезінде денеде жинақталып қалған қоректік заттар іске қосылады. Содан кейін олардың орнына жаңалары келеді. Осылайша денеде жаңару іске асады. Ораза денсаулық тұрғысынан өте пайдалы”.

г) Ораза адамды сабырлы болуға үйретеді:

Ораза ұстау арқылы белгілі бір уақыт өзін ішіп-жеуден бас тартуға үйреткен адам өмірінде кездесетін ауыртпалықтар мен қиыншылықтарға сабырлық жасайды. Қайғы-қасіретке де төтеп бере алады. Керек болса дұшпанмен шайқасудан тайынбай, сол жолда кездесетін қиыншылықтарға төзе біледі.

ОРАЗА КІМДЕРГЕ ПАРЫЗ?

Оразаның парыз болуының шарттары мыналар:

1)    Мұсылман болу;

2)    Ақыл-есі дұрыс болу;

3)    Балиғатқа жеткен болу.

Балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Бұл Алла Тағаланың әмірі. Жас балаларға ораза ұстау парыз емес. Бірақ зиян келтірмейтіндей түрде балаларды бірте-бірте оразаға үйреткен абзал.

Әйелдер етеккір кезінде және нифастағы (босанған) әйел осы күндері біткенше ораза ұстамайды, намаз оқымайды. Бұл жағдайлар біткеннен кейін ұстай алмаған оразаның қарызын ұстайды. Яғни, қанша күн ұстамаса, сонша күн қазасын ұстайды. Бірақ намаздардың қазасын оқымайды.

© Ораза орталығы

Пікір жазу