Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » БЕКБОЛАТТЫҢ АШУЫНА НЕ ТИДІ?

БЕКБОЛАТТЫҢ АШУЫНА НЕ ТИДІ?

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қазақ әріптестерінің мемлекеттік тілде сөйлемейтініне қынжылып, оларға өтініш айтты.

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Бекболат Қанайұлы мемлекеттік тілде сөйлемейтін қазақ әріптестеріне өтініш айтты.

«Сіздер дұрыс түсініңіздерші. Депутаттық этикаға қайшы келетін сөз айтып жатқан жоқпын. Сіздерді түзеп те жатқаным жоқ. Тек бір өтінішім бар. Бұл  қазақ тілінің мәселесі. Мемлекеттік тіл депутаттық сауал беру рөлінен айырылған сияқты күй келтіреді. Өткенде алты-жеті депутаттық сауал болды, біреуі де қазақша айтылған жоқ. Бүгінгі алты сауалдың бесеуі де мемлекеттік тілді қажетсінген жоқ. Бұл жерде Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дейтін сөзі ойға оралады. Мына, қазақ депутаттар, сіздер қазақша айтуға болатын еді ғой», — деп ашынды Тілеухан.

Әрі қарай, мәжіліс депутаты  «Түрлеріңіз қазақ, ал ауыздарыңыздан бірде бір сөз мемлекеттік тілде шығып жатқан жоқ. Жалпы, қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жері, басар тауы жоқ. Ол егер парламент қабырғасында өгейдің күйін кешсе, басқа жерде күйі не болмақ. Сіздер айып етпеңіздер, құрметті әріптестер. Қалай болады сонда? Қазақ емес, қазақша сөйлей алмайтын адамдарды ешкім қинамайды. Ал сіздердің мүмкіндіктеріңіз бар ғой. Мен сіздерді қорлайын деп жатқан жоқпын. Баяғыда біреу «қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан жылаймын депті ғой». Менікі де сол», деп түйіндеді сөзін мәжілісмен.

Өз тілшімізден

 

Пікір жазу