ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары мен зиялы қауым өкілдеріне депутаттық өкілетті мерзімі аяқталуына орай есеп берді. Жиынға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен барлық аудан-қалалардағы мәслихат хатшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Қуаныш Айтаханұлы Айтаханов биыл 70 жасқа толғалы отыр. Елге танымал қоғам қайраткері ғұмыр жолында облысымыздағы экономиканың түрлі салаларында басшы лауазымдарда еңбек етті. Арыс қаласының, Созақ, Сайрам, Отырар аудандарының әкімі қызметін абыроймен атқарды.
«ҚР Парламентінің Сенатының екі шақырылымына депутат боп сайланды. Өңірде жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында ел заңдарының жобаларына құнды ұсыныстар енгізе білді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап, қазақ елінің қалыптасуына бағытталған саяси реформаларды жүргізуге, еліміздің құқықтық негізін қалауға және мемлекетті нығайтуға Қуаныш Айтаханұлының еңбегі орасан зор», — деді жиынды жүргізіп отырған Қайрат Рахымұлы.
Өз кезегінде сөз алған Қуаныш Айтаханұлы жиналғандарға алғысын білдіріп, 12 жылғы депутаттық мансабында атқарған жұмыстарын баяндап берді. Халық қалаулысы 12 жылдық депутаттық мансабында аудан, қала активімен 350 рет кездесу өткізіп, 705 рет еңбек ұжымдарын аралап, жиын өткізіпті. Соның нәтижесінде Қуаныш Айтаханұлы 190 депутаттық сауал жолдап, 201 мақала жазыпты.
«Мен жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін 52 жыл бопты қызмет істегелі. Соның 45 жылы комсомол, Кеңес, партия қызметтерінде, соңғы 12 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып еңбек етіппін. 17 жыл көлемінде аудандық, қалалық, облыстық кеңестің депутаты болыппын. 4 жыл ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты атандым. 2005-2011 жылдары елдің сенімімен, бірауыздан дауыс беріп, қолдауының арқасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты болдым. Жалпы алғанда аудандық, қалалық, облыстық, республикадағы заң зығарушы өкілеттілігінде 33 жыл депутат болып еңбек етіппін. Елге, Елбасына, облыс басшылығына алғыс айтамын»,- деді Қуаныш Айтаханов.
Жиын барысында халық қалаулысына облыстық мәслихат депутаттары тарапынан «Депутаттық мансабыңыз бітсе, Астанада қалып кетпеңіз…» деген шырайда тілек- ұсыныс жасалды. Есеп беру жиынының соңында халық қалаулысы қатысушыларға «Елге қызмет – басты міндет» атты кітабын сыйлады.