Маусым айының басында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркия Республикасы, Кечиөрен ауданында оңтүстіктен бір топ делегация болып қайтқан болатын. Сол сапарға Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев бастаған жергілікті билік өкілдері мен өнерпаздарының қатысқанын хабарлаған едік. Осы игілікті шара түркиялық топтың оңтүстік өңіріне келуімен жалғасын тауып отыр.
Тарқатып айтсақ, қасиетті Рамазан айының қастерлі Қадір түніне қараған күні Түркістан қаласына табан тіреген қонақтарды шаһар басшысы Ә.Өсербаев, облыс әкімінің кеңесшісі С.Ертай бас болып сән-салтанатымен қарсы алды. Түркия Республикасы, Кечиөрен ауданының төрағасы Мұстафа Ак, Ак партия депутаты, Президент кеңесшісі Айдын Үнал, Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Алматы қаласындағы бас консулы Риза Қаған Илмаз бастаған топ алдымен Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесінде болды. Айта кетерлігі, түркиялық топ құрамында Кечиөрен аудандық мәслихат мүшелері мен түрлі сала басшылары бар.
Атажұртта Құрбандық шалып, Құран бағыштаған меймандар «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени қорық мұражайына қарасты Хилует жер асты мешіті, шығыс моншасын аралап, осындағы Қолөнер шеберлерінің орталығында болды. Жергілікті шеберлердің түрлі туындыларын тамашалап, ұлттық бұйымдардың ерекшелігіне таңданыс білдірген меймандар орталықтың көрме залында Түркістан қаласының фотокөрмесін аралап көрді. Бұдан соң түркиялық топ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Оқу ордасының мәдениет сарайында қонақтарды университеттің президенті У.Әбдібеков қарсы алып, түркі тілдес мемлекеттерге ортақ білім мекемесінің жай-күйін баяндап, екі ел арасындағы білім кеңістігінің етек жайып келе жатқандығын атап өтті. Және де осы мәдениет сарайында «VIII Халықаралық Рамазан фестивалінің» аясында университет және қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Түркі әлемінің рухани сабақтастығын жаңғыртқан концерттен соң меймандар университеттің орталық кітапханасында болды.
Осылайша бастау алған бауырластар сапарының негізі мақсаты қасиетті Түркістан қаласының тұрғындарына ауызашар рәсімін өткізу еді. Осы игі ниет «Қадір түні» күні қаланың орталық «Түркістан Ахмет Ясауи» мешітінде көрініс тапты. Жалпы 600 адамға арналған ауызашар шарасына мешіт жамағатынан бөлек өңірдің бір топ белсенділері қатысты.
Сондай-ақ, бауырластық қатынасты нығайтуға бағытталған сапар келесі күні таңертең қаладағы тарихи-мәдени этнографиялық орталықта Түркістан мен Кечиөрен қалаларының арасындағы бауырластық байламын нығайту мақсатындағы меморандумға ұласты. Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласы әкімдігі мен Түркия Республикасының Кечиөрен ауданы муниципалитеті арасындағы достық байланыстар негізінде һәм бауырлас қала болу бағытында өзара әлеуметтік-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты орнатуды дамытуға бағытталған бауырластық меморандумына Кечиөрен ауданы мен Түркістан қаласының басшылары қол қойды. Шара барысында ұйымдастырылған дөңгелек үстел жиынында сөз алған Кечиөрен ауданының төрағасы Мустафа Ак: «Бауырлас қазақ халқына және түркі жұртының түп мекені қасиетті Түркістан қаласының тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз түбі бір туыс халықпыз арамыздағы ынтымағымыз барыс-келіс арқылы бұдан әрі нығая түсуі тиіс. Бауырлас екі ел арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыс уақыт өткен сайын оң бағытта алға қарай ілгерілеп келеді. Сондықтан бауырлас қалалар ретінде түрлі салалар негізінде ынтымақтастығымызды нығайта беруге ниеттіміз», – деген ойын жеткізді. Өз кезегінде Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев: «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев екі елдің ынтымағы жөнінде сондай-ақ, барша түркі халықтарының бірлігін нығайту мақсатында көп еңбек сіңіріп келеді. Сол сара жолды жалғастыру мақсатында облыс әкімдігі және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұымдастырып отырған бұл шарасын біз одан әрі дамыта түсуге атсалысамыз. Бұған қоса Кечиөрен ауданымен Түркістан қаласы арасында бауырластық байламды іскерлік және мәдени бағытта екі жаққа да пайдалы жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз», — деп, туыс халықтардың ынтымағы мен бірлігін нығайтуға әзір екендігін жеткізді. Дөңгелек үстел жиынында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай сөз алып, туыстық қатынасты дамыту ниетіндегі сапарға сәттілік тілеген облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлының ыстық лебізін жеткізді. Сонымен бірге, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен қаладағы мекеме басшылары өз кезегінде ойларын білдіріп, меймандарға қонақжайлық ниеттерін танытты. Екі күнге ұласқан бауырластық сапарының соңы қаладағы орталық «Қуаныш» базарымен қорытындыланды. Базары тарқамаған Түркістанның ең үлкен сауда нүктесін аралап көрген түркиялық делегат қазақтың ұлттық тағамдарына қатты қызығушылық танытты. Аталмыш базар басшысы Ә.Шәймерденов қонақтарды арнайы қабылдап, киелі шаһардан базарлық ретінде арнайы сый-сияпат жасады.
Осылайша Түркістан қаласынан қасиетті Отырар жеріне аттанған Кечиөрен ауданының өкілдері облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қабылдауында болмақ.