Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » БІРЛЕСЕ КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

БІРЛЕСЕ КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Экс-аким Мангистауской области Ералы Тугжанов высказался о своем ...

Пандемия – барша мемлекеттің басына түскен үлкен сын сағатына айналды. Бабаларымыздан қалған үш сынақ қағидасы бар – бақ сынағы, қиыншылық сынағы, қаза сынағы деген.

Ұлтымыз өз тарихында бұл сияқты сынақтардан қаншама рет ауызбіршілігінің арқасында өткен, адамгершілігінің арқасында халық болып жабыла көтерген. Біздің, бүгінгі ұрпақтың да алдында – жұмыла көтеріп, тиімді шешімдер арқылы барлық мәселелерді еңсеру міндеті тұр.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ТМД елдерінің арасында пандемияға қажетті шараларды алғашқылардың бірі болып қабылдадық. Карантин режімін сақтау азаматтарға оңай емес екенін түсінемін. Бірақ басқа амал жоқ.

Дегенмен, біз экономикалық даму, шағын және орта бизнесті қолдау туралы ойла­нуымыз керек. Күнделікті еңбек етіп, тір­шілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндік­терінен айрылып қалмауы керек» дейді.

Біздің елімізде корона­ви­рустың алғаш­қы көріністері пай­да болғанда жария­ланған төтенше жағдай инфек­цияның беталысын басқаруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда аурудың өсу қар­қыны 8 пайызға түсті. Дүние­жүзі денсаулық сақтау ұйымының пікіріне сәйкес бұл көрсеткіш шектеу шарала­рын жеңілдету жолдарын қарас­тыруды бастауға болады дегенді білдіреді.

Мемлекет басшысы шектеу шарала­ры­ның салдарын жеңіл­детіп, халықтың тарық­пауын қамтамасыз ету үшін кең ауқым­ды шешімдер қабылдап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын қолдау мақсатында карантин шараларын жеңілдету бойынша мәлімдеме жасады.

28 сәуірден бастап өндірістік кәсіп­орын­­дардың, құрылыс және жол-құры­лыс компания­ларының, көлік компания­лары­ның, бір­қ­а­тар қызмет көрсету сала­ларының, екінші деңгейлі банк­тердің жұмысы қайта басталады. Сонымен қатар өңірлер дайындықтарына қарай бас­қа да қызмет көрсетуші ком­паниялардың жұ­мыс істеуіне жол ашады. Бұл шаралар рес­пуб­лика бойынша 530 мыңға жуық азамат­тың жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік береді.

Аталған шаралар халықты табыс көзі­нен айырмау, әлеуметтік жағдайдың төмен­деуінің және жұмыссыздықтың алдын алуға бағыт­талған.

Карантин талаптарын жеңіл­дету шаралары алғашқы болып Нұр-Сұлтан және Алма­ты қалаларында 20 сәуірден басталып енгізілді. Осының арқасында 120 мың­нан астам адам өз жұ­мысына қайта оралды.

Дегенмен коронавирус қауі­пі әлі сейіл­ген жоқ. Сон­дық­тан қызметіне орал­ған бар­лық аталған мекемелерде сани­тарлық-эпидемиялық шара­лардың толық сақталуы мін­деттеледі. Әр қызметкердің дене қызуын өлшеу, бетперде мен қолына қолғап кию тәртібін сақтау жауапкершілігі ұйым басшылығына да, әр жұмысшыға да артылады.

Өңірлерде құрылған Жедел штаб­­­тары қызметке қайта орал­ған объектілерді қатаң бақы­лауға алады. Сақтану шараларын орындау алдымен жұмыс беру­шілерге, сонымен қатар аза­маттардың өздеріне де қатысты. Инфекцияның таралуын­ шектеу үшін төтенше жағдай кезін­де тәртіпке бағынып, өзінің де, өзгенің де басын қатерге тік­пей, үйінде отырған азамат­тарымыздың қосқан үлесі зор. Міне, соның арқасында бүгін аза­маттардың үй айналасына шығып жүруге және саяжайларына баруына қатысты жеңілдік жарияланып отыр. Бұл – тәртіпті сақтаған қоғамның жетістігі.

Саяжайды өңдеу, жеміс-жидек, көкөніс өсіру – «қарапайым істер эко­­номикасының» негізі, от­басылық биз­­нестің бастауы. Саяжай – бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде табыс көзіне айналдыруға болатын шағын бизнес. Сондықтан бұл санаттағы азаматтарға мүм­­­кіндік жасау және олардан үлгі алу қажет. Дегенмен осы­ның барлығы сақтық шараларын қабылдау және қатаң сақтауға тікелей байланыс­ты. Осы бағыттар бойынша тәртіп ережелерін қабыл­дау міндеті өңір басшыларына жүк­те­леді.

1 мамырдан бастап екі бас қала – Нұр-Сұлтан мен Алматы­ның арасындағы әуе байланысы іске қосылатыны жария­ланды. Бұл өте маңызды шара. Бірақ ескеретін жай – ұшаққа отыру үшін қолы­ңызда C0VID-19-ға тапсырған тестіңіз­дің ауру анықталмағаны туралы қорытындысы (анықтама мер­зімі – 14 күн) болуы міндетті. Соны­мен қатар жоғарыда айтылған сақтық шараларын (дене қызуын өлшеу, бетперде, қолғап) орындау қажет.

Бұл – карантиннен шығудың алғаш­қы қадамдары және міндет­ті шарттары.

Ендігі кезекте экономикалық бел­­сен­ділікті кезең-кезеңімен ретке кел­тіру, азаматтар үшін қалып­ты тір­шілік жағдай­ларын жасау міндеті тұр. Басқа ұйымдар мен мекемелердің жұ­мысқа кірісуі Төтен­ше жағдай  бойын­ша мемлекеттік комис­сияның шешімімен жүзеге асатын болады. Осының барлығы Қазақстанның әр азаматының денсаулығын сақтауға бағытталған қауіпсіздік шаралары. Себебі мемлекеттің негізі – халық, қо­ғам және оның денсаулығы.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев өзінің «Бірлесе біл­ген ел бәрін жеңеді» атты мақа­ласында «Еліміз­дің ең үлкен бай­лығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-ана­сы мен бала-ша­ғасының өмі­рі­не, денсаулығына зор жан­ашырлықпен, ерекше жауап­кер­шілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіп­сіздігінің құрамдас бөлігі», дейді.

Естеріңізге сала кетейін – 2000 жыл­ды, жаңа ғасырды қар­сы алып жат­қанда, Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы «Нені арман­дайсыз?» – деп сұраған тілшіге «Қазақстан халқының 15 мил­лионға жетуін армандаймын» деген еді.

Бүгін ол арман орындалды, халық саны 19 миллионға жақын­дады.

Біз бірлігі бекем халқымызбен, оның санымен, сапасымен, білімі­мен, мәде­ниетімен мықты­мыз. Мемлекеттің бүгіні де, бола­шағы да, жеңісі де, жетістігі де хал­қына байланысты.

Қазіргі әлемдік өркениеттің ба­сына түскен жағдайға бай­ланыс­ты Біріккен Ұлт­тар Ұйы­мының ұсынымдарында
«…бұл­ дағ­дарыстың бұрынғы болған эконо­мика­лық қиын­шы­лықтардан табиғаты өзге­ше. Әр мемлекет өзінің экономи­калық дамуы мен қаржы тұрақ­ты­лы­ғын қамта­масыз етуді негізгі міндетіне айналдыруы тиіс» делінген.

Премьер-Министр А.Ма­мин­нің бас­шылығымен Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия халықтың әр санатына қатысты өзекті мәселелерді жеке қарап шешім қабылдап отыр. Негізгі мақсат – халықты жұмыс­пен қамту. Көнеден қалған  «Балық берме, қармақ бер» деген кеңес бар.

ТМД елдерінің пандемия жағ­дайында қабылдап жатқан шара­ла­рының салыс­тырмалы сараптамасына қарағанда жал­пы шешімдеріміз негізінен ұқсас. Бірақ қазақстандық шаралар жиынтығында экономиканы стратегиялық міндеттер негізінде әрі қарай дамыту және қолдау қаралған.  Біз осымен ерекшеленіп отырмыз. Осы бағыт­та қабылданған құжаттың бірі Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы.   Оның аясында 250 мыңнан астам азаматты жұмыспен қам­тамасыз ету көзделеді. Ол үшін 1 трлн теңге қарастырылды.

Азия елдерінде «Дүлей дауыл соқ­қанда, қорған құрудың орнына, жел диір­менін салған жөн» дейді екен. Бұл – мүмкіншілікті қолдана білу туралы айтылған ой. Біз де осы жолмен жүргенді дұрыс көріп отырмыз. Аталған бағдарлама арқылы 6 506  жоба іске асырылады. Тек әлеуметтік салаға қажетті жаңадан 144 нысан салу көзделіп отыр. 1678 бі­лім саласына қажетті мектептер, интернаттар, балабақшалар жөндеуден өтеді. Бұның бәрі болашағымызға қосылатын активтер, себебі бұл нысандар – ертең қаншама адам­ға тұрақты жұмыс орны болатын, халыққа қажетті қызметті ұсынатын, көп­теген жыл­дар қоғамға қызмет ететін  орындар.

Жаңа бағдарлама аясында Ден­саулық сақтау саласына қажетті 264 нысан (ФАП, СДА, аурухана) салынады, немесе осын­ша елді мекеннің халқы сапалы медициналық көмекпен қамтылады деген сөз.

23 сәуір күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында  200 орындық жаңа инфекциялық аурухананы аш­ты. Айта кетерлік ой – бұл тәуел­сіздік тарихында алғашқы рет барлық жаңа технологиялық мүмкіндіктерді қолдана отырып 2 апта ішінде салынған объект. Қолдану мерзімі – 50 жыл. Сәуірдің 25-інде дәл осындай аурухана Алматы қаласында ашылды. Ендігісі Шымкентте іске қосы­лады. Бұл – ұлт ден­сау­лығына қатысты қауіпті азайту, халқымыздың жаны да, тәні де сау болуына жағдай жасау мүмкіндігі.

Мәдениет саласы бойынша 301 ауыл клубы мен мәдениет үйлерін, 228 спорт кешенін салу және жөндеу жоспарланып отыр. Бұл – халықтың рухани өсуіне, денсаулығын шынықтыруына жасалған мүмкіндік. Сонымен қатар әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 137 интернат, ­өрт сөндіру деполары мен­ ха­лыққа қызмет көрсету орта­лықтарын, 39 тұрғын үй мен жатақ­хана салу көзделген. Бұл – азаматтарымыздың баспаналы болуы, жұмыспен қам­тылуы, қауіпсіз өмір сүруі және қажетті құжатын қиналмай алуы­на жасалған алғышарт,  жақсы мүм­кіндік. Тұрғын үй ком­муналдық шаруашылығы саласында 390 сумен қамтамасыз ету, 218 газ және жылумен қамтамасыз ету, 171 электр жүйесі  нысандары салынады.

Қалалар мен ірі облыс орталық­тары­ның жылумен жабдықтау кәсіп­орындарының техникалық жағдайын жақсарту, жылумен жабдықтау қыз­меттерінің сенімділігі мен сапасын арт­тыру, жылу желілеріндегі шығын­дар­ды азайту, сонымен қатар ком­муналдық қызметтерді ұсы­натын кәсіп­орындардың тиім­ділігін арттыру  ар­қылы жайлы өмір сүру мүмкіндігі. Елді мекендердегі 489 көше, 267 астам саябақ, 130 балалар алаңын абаттандыру мен көгалдандыру қолға алынады. Бұл – өмір сүретін жерімізді, әлеуметтік ай­наламызды жақсарту, өңірлерімізді дамыту, елді мекендерді жаңарту мүмкіндігі.

Осы жылдың соңына дейін респуб­лика бойынша 4 000 ша­қы­рым асфальт жол төселеді, 1,5 мың шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 35 көпір мен бөгеттер жөндеуден өтеді.

Жол – мемлекеттің күре тамыры, одан қаншама артерия­лар тарайды. Оның барлығы – халықтың іскерлік қабілетін дамытып, шағын бизнестің дамуына бастау болатын мүмкіндік.

Мысалы, тек Қарағанды облысында облыстық және аудандық деңгейдегі 533 шақырым автожолды жөндеу қарас­тырылған. Нәтижесінде жолдың сапасы 84 пайызға жақсарады, 1500 адам жұмыспен қамтылады.

Қостанай облысы Жол картасын іске асыруға алғашқылардың бірі болып кірісті. Бүгінгі таңда жоспарланған 275 жобаның 129-ы бойынша конкурстар жария­ланған, 58-і бойынша конкурс қорытындысы шығарылып, 6 жоба бо­йынша жұмыс басталды. Жоспар бойынша 13 435 жұмыс орын ашылады, соның 211-і бүгін іске қосылған.

Жол картасы шеңберінде Шығыс Қаз­ақ­стан облысында ұлы ақынның 175 жыл­дығына арналған «Абай Құнан­баевтың үй-жайы кешені» жобасын,  Түркіс­­тан қаласы бойынша Я­сауи музейі­нің құрылысын іске асыру қолға алынып отыр.

Бұл – ұрпаққа рухани азық болатын, туризм арқылы елімізді әлемге танытатын ұзақ мерзімді, халыққа белсенді қызмет атқа­ратын жобаларды іске асыру мүмкіндігі. Сондықтан бұл жол­ картасын  МҮМКІНШІЛІК ЖОЛЫ деп айтуға да болады.

Жалпы мемлекет тарапынан қабыл­данып жатқан  шаралар нәтижесінде 1,1 млн-ға жуық аза­матты жұмыспен қамтамасыз етеміз.

Аталған жобаларды іске асыру үшін 90 пайыздай   отандық өнді­рушілердің әлеуетін пайдалану міндеттеліп отыр. Егер қажет­ті өндірістер бүгінде жоқ болса, оларды құру керек, мұ­ның өзі ішкі бизнесті дамыту мүм­кіндігі.

Негізі, пандемия әлемдік өр­ке­ниет­тің дамуын өзгертті. Әлем пандемияға дейінгі және кейін­гі болып екі кезеңге бөлінді.

Коронавирус карантины барша мемлекеттерге сын сағатына айналды. Біз де сол сын сағатта 30 жылда атқарған жұмы­сымыз­ды саралап, ел болып емтихан тапсырып жатырмыз. Жетістіктерімізді бағалап, кем­шіліктерімізді саралап тұжырым жасаудамыз.

Біріншіден, бейбіт өмірдің батырлары – ақ халатты абзал жандар, дәрігерлерге; біздің бала­ларымызға білім бұлағын ашып, әр үйдің еркесімен тіл та­бысып, оларға отаншылдық тәр­бие беріп жүрген ұстаздарға; алғы шепте жүріп, алғашқы соқ­қыны өздеріне алатын әс­кери қызметтегі шекара, поли­ция, кеден қызметкерлеріне; халықты болып жатқан жаңа­лықтармен уақтылы таныстырып, қабылданған шараларды жеткізіп жүрген журналистер қоғамына деген ризашылық ниет, адами алғыс, сыйластық артты. Баршасына рахмет.

Екіншіден, білім мен ғылым­ның сапасын арттыру; цифрлы қызмет көрсету бағытын жетіл­діру, халықты оны қол­дануға үйрету; қашықтан қызмет көр­сету саласын кеңейту; отан­дық ішкі биз­нес жүйесін қалып­тастыру сияқты бағыт­тарда атқа­ратын жүйелі жұмысты жоспарлау және іске асыру міндеттері айқындалды.

Бұл жағдай болашағымыз үшін қажетті бағыттарды нақты­лады.

Үшіншіден, өмірімізге қажет­ті қағи­дат­тарды анықтады – ұқып­тылық пен үнемшілдікке үйрену, қолда бардың қаді­рін білу, тәртіпті тәрбиенің негізіне айналдыру қажеттілігін түсіндірді.

Төртіншіден, Қазақстанның әр азаматы елі, халқы, мемлекеті үшін және өзі, отбасы үшін жауапты екенін тереңі­нен ұқты.

Елбасының үндеуімен «БІРГЕМІЗ» қоры құрылып, ел­дегі ауқатты азамат­тардың қол­дауымен 23 млрд теңгеден ас­там қаржы аударылды. Қор арқылы 362 мың отбасына 50 мың теңгеден көмек көрсетілді; әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына 5 млн бетперде таратылды; алғы шепте жүрген 2 112 дәрігерге қаржылай көмек берілді.

Осы бағыттағы жұмысты іске асыруда, карантинге қарамастан,  мыңдаған жастар еріктілер қа­тарында белсенді қызмет ат­қарып жүр.

Мәдениет пен өнер саласының қыз­­мет­­керлері әлеуметтік желі ар­қы­­­лы мұра­жайларға экскур­сия, жеке шы­ғарма­шылық кон­церттерін ұйым­дас­ты­рып, халық­тың көңілінен шығып отыр.

«Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген сөз осы болар.  Бүгін  қо­ғам болып бас қоса атқарып жат­қан осы шараларымыз болаша­ғымызға негіз болатыны анық.

Қазақ салт-дәстүрі және оның ғылы­ми негіздері жинақталған «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» (А.Нүсіп­оқасұлы, Ә.Жапар­ұлы) деген кітапта АМАНАТ деген киелі ұғым терең түсін­­діріл­ген. Осы ұғым адамға арты­латын жауапкершіліктің негізі екен.

Атадан қалған 7 аманат келесі – көз аманаты; құлақ аманаты; тіл аманаты; қол аманаты; аяқ аманаты; жүрек аманаты; бас аманаты.

Осы аманаттардың барлығы бүгінгі таңда әрқайсымыздың алдымызда тұр.

Көз аманаты – халық үшін жасалып жатқан жақсылықты көру білу, бағалау. «Бірін бірі батыр» дейтін халықтың ұр­пағы мұны жақсы түсінеді.

Құлақ аманаты – халықты аман сақтау үшін айтылып жат­қанды тыңдап, үндеп жатқанды қолдау. «Еститін мем­лекеттің» негізгі қағидасы осы – бірін-бірі  тыңдай білу.

Тіл аманаты – жақсы сөз сөй­леп, жабыр­қағанды жадырату, жақсылықты тарату. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ата тари­хымыз дәлелдеген. Жалған ақпа­ратқа емес, ресми ақпарат­қа сену.

Қол аманаты – ізгілікке сүйеу­ші,­ қинал­­ғанға демеуші болып қол ұшын беру. Бүгін­гі таңда қаншама қоғам­дық қорлар мен еріктілер жұмыс іс­теп жатыр. Соларға және ізгілікті іс­терін жа­рия етпей істеп жүрген абзал аза­маттарға алғыс айту.

Аяқ аманаты – өз халқыңмен бірге аяқ басып, қажетті шектеуде қадамыңды қысқартып, ақ жолдан таймау. Шетелге қы­дырып кетіп, қиын кезде қо­сымша мәселе, керексіз шығын шы­ғартып отырған жандарға құлақ­қағыс.

Жүрек аманаты – қанын да, жанын да таза ұстау. Уайымға берілмей, денсаулығыңа, ақыл-ойыңа жауапты болу.

Бас аманаты – өз амандығыңа, отба­сың мен қоршаған әлеуметтік ортаңа, ел аман­дығына деген жауапкершілік.

«Аманатқа қиянат қылма» деген бабала­рымыз­дың қағидасы бүгін біз үшін өте маңыз­ды.

Бүкіләлемдік экономиканы 2,8 пайыз­ға құлдырауына әке­ліп соққан дағдарыс біздің беріктігімізді сынаққа салуда.

Бүгінгідей қиын-қыстау кезең­де бізге ынтымақ пен ауыз­біршілік, кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлылық пен іскерлік қажет.

Елбасы мақаласында «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түс­кен зор ауырт­пашылық. Біз оны осындай сын сағатта сеп­тігін тигізетін халқымыздың төзім­ділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материал­дық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, әбіржитын еш негіз жоқ», деді.

Иә, берекеміз ауызбіршілікте, ыры­сымыз ынтымағымызда!

Біз қашанда біргеміз!

 

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары

Пікір жазу