Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар, жерлестер!
Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылман қауымы Рамазан айымен қимай қоштасуда. Мұсылман қазақ халқы да қасиетті айды құлшылықпен, тақуалықпен өткізіп, Жаратқаннан елге жақсылық тілеп, дұға жасады. Күннің аптап ыстығына қарамастан, Алланың мейірімінен үміт етіп, ораза ұстады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) ораза тұтқан үмбетін Алланың үлкен сыйымен сүйіншілеген. «Кімде-кім Алла жолында бір күн ораза ұстаса, Алла сол пенденің жүзін тозақтан жүз жылға алыстатады», – деген хадис мұсылманға жігер мен үміт сыйлайды. Өйткені, Рамазан айында ауыз бекітудің сауабы теңдессіз.
Рамазан — ізгі амалдардың маусымы болғандықтан, мүбәрак айда Аллаға ұнамды әрбір қайырымды істің сауабы еселеніп жазылады. Себебі, ыстық пен аштыққа, Аллаға жағымсыз істер мен ғайбат сөзден сақтанып, сабыр еткен пенде өмірдің кезектесіп келетін қиыншылықтары мен сынақтарына төзімділік танытатыны ақиқат. Баршамызды Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. «Айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді.
Мұсылман қауымының ұлық мерекесі — Ораза айтта жүрегіміз қуаныш пен шаттыққа бөленеді, жанымыз жадырап, көңіліміз шат-шадыман күй кешеді. Баршаңызды мұсылманның ұлық мерекесімен құттықтаймын! Ораза айт мүбәрак болсын! Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіре білсек, ол да мұсылманға тән сипат. Өйткені, Алла тағала қасиетті Құранда мұсылмандарды кешірім жолын ұстануға бұйырған. Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.а.с.) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын. Ораза айтта отбасымызға көңіл бөліп, балаларға сыйлық жасап, айттық әперудің де маңызы зор.
Баланың бойына ізгіліктің дәнін себетін мерекені олар да асыға күтіп, тәлімі мен тәрбиеге толы қасиетті айдың мәні мен маңызын сезінетін болады.
Бір ай оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық шаралар ұйымдастырылды. Тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетіліп, қамкөңіл қарттар мен жетім-жесірлерге көңіл бөлінді. Көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты.
Баршасына «Алла разы болсын!» деп айтамыз. Рамазан айында еліміздің игілігі үшін жасаған әрбір қайырлы амал мен құлшылықты алдағы уақытта да жалғастырудың қарымы шексіз.
Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді, ізгі істерімізді қайырымен қабыл етіп, екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей! Мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағына ешқашан сызат түспесін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгілікке баянды болғай!
Ахметжан қажы Керімбек,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы