Түркістан облысы Төлеби ауданының жастары өз қаражаттарынан ақша жинап, мұқтаж отбасыларға көмек берді, деп жазады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Түркістан облысы Төлеби ауданының еріктілері жарияланған төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантин кезінде бірқатар әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік тауарларын таратты. Студенттерден құрылған жомарт жандар мұндай игі іс атқару үшін өз қалталарынан қаржы жинап, оған күнделікті тұтынатын азық-түлік алған. Атап айтқанда, себетте ұн, макарон, күріш, қарақұмық, сұйық май, шекер және басқа да тауарлары бар.
Ерікті жастар алдағы уақытта да сауапты іс жасауға ниетті азаматтардың басын қосып, тағы да мұқтаж азаматтарға көмек қолын созуды жоспарлап отыр.
Елде төтенше жағдай жарияланып, мемлекет тарапынан еліміздің азаматтарын карантин уақытында қамтамасыз ету мақсатында көптеген игі шаралар қолға алынуда. Осы орайда, жастарымыздың бастама көтеріп, жерлестеріне қол ұшын созуы – көңіл қуантады.
© Өз тілшімізден.