Бүгінге дейін егістік алқапқа аса қажетті ағын су Жетісай ауданы бойынша үлкен мәселе болып келгені жасырын емес. Оған себеп жер еміп, нәпақа тауып келген шаруаларға су жеткізетін негізгі каналдар мен ішкі су жүйелерінің ұлтандары май топырақ пен шөп-шалаңнан дер кезінде толық тазаланбай келуі.
Бүгінде елдегі төтенше жағдайға байланысты қабылданған карантиндік режимге қарамастан аудандағы ағын су тапшылығын жойып, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және ағын су көлемін үнемдеу бағытында «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы тарапынан ауқымды жобалар қолға алынған.
Айта кетейік, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50,741 шақырым каналдарды механикалық тазалаудан өткізу жоспарланса, ұзындығы 35,666 шақырымды құрайтын К-34, К-25-18, К-21-06, К-28-31, К-34-12 каналдары толық тазалаудан өткен. Аталмыш бағдарлама шеңберінде ауланда екі қолға бір күрек тауып, шаруашылықпен тұрақты түрде айналысып отырғандар да аз емес. Сонымен қатар, бүгінде К-25 каналының тазалануы тиіс 22,7 шақырымының 5,5 шақырымы өскінді шөптер мен шөгінді тұнбалардан толықтай тазаланған. 15 мың гектарда 2400 шаруа қожалығы орналасқан аталмыш каналдың бойында 4 техника қызу жұмыс істеуде.
«Соңғы 15 жылға жуық уақыттан бері тазалау көрмеген К-25 каналын тазалап беріп жатқан «ҚазСуШар» РМК Түркістан филиалы басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Бұл бірінші кезекте уақытылы су алуымызға, үнемді пайдалануымызға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Енді біз де мемлекетке қарап алақан жайып отыра бермей, ішкі су жүйелерімізді өзіміз тазалауымыз керек. Осы істі ел болып іске асыруға шаруаларды толық қатысуға шақырамын»,- дейді «Ердәулет» шаруа қожалығының төрағасы Қобылан Наурызбаев.
Биылғы жылғы арық-атыздарды тазалау жұмыстарының жылдағыдан ерте басталуының бірден-бір себебі – елімізге жылына 13 млрд 540 млн текше метр су жіберетін қырғызстандық «Тоқтағұл» су қоймасынан алатын ағын су көлемінің 2 млрд 40 млн текше метрге азаюы болып отыр.
Бүгінде ұзындығы 3 мың шақырымға жуық ірілі-ұсақты 1068 каналы бар Жетісай ауданының егістік жер көлемі 77 274,6 шақырымды құрайды. 1556,9 шақырымға тең 780 дана су жүйелері орнатылған.
© Өз тілшімізден.