«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды сақтау және оларды жүзеге асыру әрбір саналы азаматтың міндеті. Заңды айналып өтпей түзу жолмен жүру үшін алдымен жастардың санасын өзгертуіміз керек.
Еске сала кетейік, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою үшін Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасы бойынша «Біз болашақты сыбайлас жемқорлықсыз құрамыз!» акция-эстафетасы жас қызметкерлер арасында өткізіліп, оны әрі қарай Жамбыл облысындағы әріптестерімізге жолдаған болатын. Осы мағыналы, тәрбиелік мәні мол іс-шараға басқарманың жастары да өз үлесін қосты.
Азаматтық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау үшін «Жемқорлықсыз болашаққа!» акция-эстафетасы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар басқармасында бастау алды. Басқарманың шығармашылық идеяларға толы жас қызметкерлер қала тұрғындарының, әсіресе жастардың назарын аудару мақсатында осы акцияны ұйымдастырған. Акция-эстафетасын өткізу кезінде жас мамандар қаланың көрнекті жерлерін екі қабатты автобуспен тамашалап, автобустағы арнайы жарнаманы қала тұрғындарына көрсетуге мүмкіндік алды. Осы акция-эстафетаны жалғастыру үшін Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына жолданды.
Қоғамдағы әрбір азаматтың сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік ұстанымы мен мәдениеті қалыптасқанда ғана жасалып жатқан шаралар оң нәтижесін беретіні анық.
М. Жақсыбаев,
азаматтық қорғау подполковнигі,
Шымкент қаласы ТЖ басқармасының бастығы