Түркiстан қаязы – Қазақстанда Сырдария су алабында Шардара су қоймасынан бастап оның төмен сағасына дейiн (Арыс, Бөген өзендерi), Шу өзенiнiң су алабынан Қырғызстанның шекарасына дейiн тараған. Арал қаязынан айырмашылығы тұщы суды мекендейдi, алыс қашықтыққа қоныс аудармайды. Қабыршағы iрi, алтын тәрiздi сары түстi. Денесiнiң ұзындығы 70 см, салмағы 5,3 кг-ға дейiн жетедi, 10 жыл шамасында тiршiлiк етедi. Түркiстан қаязының етi бағалы болғанымен, басқа балықтармен салыстырғанда саны өте аз. Оның жылдан-жылға таралу аймағы азайып бара жатқандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кiтабына» енгiзiлген. Заңсыз ауланған Түркiстан қаязы балығының әр данасы үшiн 300 АЕК, яғни, 833400 (сегiз жүз отыз үш мың төрт жүз) теңге айыппұл салынады.
Жыл сайын сәуiр, мамыр айларында аудан-дық iшкi iстер бөлiмi мен табиғат қорғау қызметкерлерi бiр-лесiп «Уылдырық» iс-шарасын жүргiзiп отырады. Осындай iс-шара барысында Арыс өзенiнен заңсыз балық аулаушы Постников Валерий Ивановичтiң «Қызыл кiтапқа» енген Түркiстан қаязын аулағанын анықтаған болатын. Оның iс-әрекетiн аудандық сот ҚР ҚК-нiң 335-бабы 3-бөлiгiнiң 2-тармағымен және 339-бабы 2-бөлiгiмен кiнәлi деп танып, оған балық аулау құқынан 1 жыл мерзiмге айыра отырып, 1 бiр жыл 6 алты ай мерзiмге бас бостандығынан шектеу туралы жаза тағайындады. Тұрақты жұмыс орны жоқ сотталған В.И.Постников 150 сағаттық мәжбүрлi еңбекке тартылуда. Оған алкогольдiк iшiмдiктердi құйып сатуға рұқсат еткен сауда және кафе, түнгi клубтарға, тойларға түнгi уақыттың шегiнде бармау, тұрғылықты жерден кетпеу, түнгi уақыт шегiнде сағат 22-ден таңғы 06-ға дейiн тұрған үйiнен кетуге тыйым салынды. Сондай-ақ табиғатқа келтiрiлген материалдық 737132 теңге залал мен сот шығыстары (22113 теңге) мемлекет пайдасына өндiру мiндеттелдi.
Салмағы бiр килограмм шамасында болатын бiр дана Түркiстан қаязы балығы үшiн осыншама моральдық, материалдық шығынға батудың керегi бар ма едi? Сондықтан балық аулаудың ережелерiн қатаң сақтау ғана осындай келеңсiздiктiң алдын алады.
© Самат ЖОЛДЫҚАРАЕВ, Түркiстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесi аумақтық инспекциясының бөлiм басшысы.