Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы сақтық шаралары қатаңдатылды. Ірі сауда орындары мен дәмханалар үйге дейін жеткізіп беруді қолға алған. Енді халық үйден шықпай-ақ, онлайн тапсырыспен өз қалауын орындай алады. Бұл өз кезегінде жұмысы уақытша тоқтаған кәсіпкерлер үшін тиімді.
Бұл туралы «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі М.Әсембектің материалына сілтеме жасаған «DIDARBEK.kz» хабарлайды.
Әлемде қауіпті індет таралғалы — тұрғындар дүкен аралап, мейрамханаларда отырып емін-еркін ас ішуден қалды. Алайда, онлайн тапсырыс олардың кез келген арманын орындауға әзір. Солардың қатарында ісін өрге домалатқан жас кәсіпкер Әмір мен Темір де бар.
Әмір Намазбаев — жас кәсіпкер: Біз 2019 жылы желтоқсанның 19-ы күні ашылдық. Доставканы жібердік. Карантиннен бұрын заказдар аздау еді. Қазір бәрі үйде отқан соң, үйге жеткізіп беруге спрос көбейді. Бірақ продуктының бағасы көтерілгесін, бізге де өзіміздің бағамызды көтеру керек болды.
Бүгінде Түркістан қаласында да онлайн сауда қарқынды дамып келеді. Өйткені интернет арқылы сату да, сатып алу да – өте ыңғайлы. Бүгінде қос жас кәсіпкер 7 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыс берушінің сүйікті асын 40-60 минутта жедел жеткізіп береді. Елдегі төтенше жағдайдың салдарынан жұмыс уақыты қысқартылғанымен, онлайн сауданың оң тұсын көріп жатырмыз дейді, Әмір.
Әмір Намазбаев — жас кәсіпкер: Кейін біздің жұмыс уақытымыз да қысқарылып кетті. Негізі біз түнгі екіге дейін істейтін едік, қазір сағат 10-ға дейін қысқарылды. Көбісі каспиймен төлейді онлайн түрде. Досым екеуміз кәсіп ашатын кезде доставка жағын ойластырдық. Өйткені Түркістанда ол онша дамымаған еді.
Онлайн-коммерция ұсынушыға да, тұтынушыға да қолайлы. Жас та болса, кәсібін кеңейткендер осылайша түркістандықтардың талап-тілегінен шығуда.