Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ДАРИҒА МЕН МӘУЛЕН, АИДА МЕН ДӘУРЕН…

ДАРИҒА МЕН МӘУЛЕН, АИДА МЕН ДӘУРЕН…

Мамыр айының 4-ші жұлдызы ауыс-түйістерге бай болды.

Мамырдың 2-ші жұлдызында Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату туралы ҚР Президентінің Жарлығы жарияланғаны белгілі. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданды. «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі ҚР Президентінің 2020 жылғы 2 мамырдағы «Д.Н.Назарбаева туралы» № 315 Жарлығы негізінде ҚР Конституциясының 52-бабы 5-тармағына, «ҚР Парламенті және оның депутаттары туралы» Конституциялық заңының 24-бабының 5-інші және 9-тармақтарына сәйкес тоқтатылды», делінген комиссияның хабарламасында.

Одан соң Мемлекет Басшысының Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Кейіннен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы болды. Президенттің ұсынысы бойынша сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы Мәулен Әшімбаевты Парламент Сенатының Төрағасы етіп бірауыздан сайлады.

М.Әшімбаев Президентке және сенаторларға жоғары сенім көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. «Президентіміз еліміздің алдында тұрған мақсаттарға жан-жақты тоқталып кетті. Қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселе, ол әрине, пандемиямен – бүкіл әлемге тараған осы індетпен күресті жалғастыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін Елбасымыздың саясатының сабақтастығын сақтап, мемлекетімізді, экономиканы одан әрі дамытуға, еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президентіміздің стратегиясын іске асыру болып табылады. Қазақстан Парламенті Сенаты Мемлекет басшысының саясатын заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараны жүзеге асыратын болады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет Басшысының тағы бір Жарлығымен Дәурен Әскербекұлы Абаев Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылып, артынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылған Аида Ғалымқызы Балаева тағайындалды.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу