Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Сенатында сөйлеген сөзі
Құрметті Сенат депутаттары!
Біз бүгін ерекше жағдайда кездесіп отырмыз.
Қазір бүкіл әлем жұртшылығы күрделі дағдарысқа ұшырады.
Мұны жақсы білесіздер.
Коронавирус дерті Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
Соған байланысты халқымыз он алтыншы наурыздан бастап төтенше жағдайда өмір сүруде.
Карантин режимі азаматтарымызға айтарлықтай қиыншылық туғызды.
Дегенмен, бүкіл еліміз осы індетке қарсы күресу үшін жұдырықтай жұмыла білді.
Әсіресе, дәрігерлер, әскери қызметшілер, полицейлер, волонтерлер күн-түн демей жұмыс істеуде.
Олардың бәрі Отанға адал қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Сын сағаты қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді.
Халықтың жігерін қайрап, төзімін шыңдауға мұның да әсері болды.
Біз дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында індеттің жаппай таралуына тосқауыл қойдық.
Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық сарапшылар жоғары бағалады.
Пандемия ел экономикасына кері әсерін тигізіп отыр.
Осыған орай, Үкімет азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуде.
Бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.
Табысынан айырылған адамдар қаржылай көмек алып жатыр.
Мұның бәрі халықтың тұрмыс жағдайын төмендетпеу үшін жасалуда.
Қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастағанын көріп отырмыз.
Жағдай күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режимі он бірінші мамырда аяқталады.
Бірақ карантин режиміне байланысты іс-шаралар жалғаса береді.
Бұл ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аса қажет.
Азаматтарымыз бірте-бірте қалыпты өмірге қайта оралады деп сенемін.
Құрметті депутаттар!
Біздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму жолымыз бар.
Қандай қиындық болса да, Елбасымыздың стратегиясын жүзеге асырамыз.
Бұл – саяси сабақтастықты сақтау деген сөз.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – мемлекетіміздің негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға.
Мұны ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа түсіндіргеніміз жөн.
Біз дағдарыстан кейінгі кезеңге қазірден бастап дайындалуымыз керек.
Қандай күрделі және қауіпті болса да, дағдарыс – өтпелі нәрсе. Ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Сондықтан Елбасы жиырма төртінші сәуірде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында келешектегі экономикалық стратегиямыз жөнінде айтып, айқын бағдар көрсетті.
Мен жиырма жетінші сәуірде арнайы мәлімдеме жасадым.
Үкімет пен әкімдердің алдына нақты міндеттер қойдым.
Осыған орай кешенді іс-қимыл бағдарламасы бар деп күмәнсіз айтуға болады. Оны ешқандай қосымша мәлімдемелермен толықтырмай жүзеге асырған жөн.
Қазір Үкімет пен Ұлттық банк Экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуде.
Он бірінші мамырға дейін арнайы жоспар дайындалмақшы.
Экономикада түбегейлі реформа жүргізуіміз керек. Бұл – аса күрделі міндет.
Ең алдымен, экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру қажет.
Біз осы пандемиядан сабақ алуымыз керек.
Кейбір салаларда кемшін тұстарымыз бар.
Мұны індеттен туындаған ахуал анық аңғартты.
Сондықтан, алда тұрған бірқатар міндеттерге назар аударғым келеді.
Бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн.
Бұл саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет.
Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды.
Бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек.
Осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың әлеуеті зор.
Мамандарға лайықты жағдай жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал.
Сонымен қатар білім және ғылым саласын толығымен жаңғыртатын боламыз.
Осы ретте озық технологиялар мен цифрландыруды кеңінен қолдануымыз керек. Бұл – басты міндеттердің бірі.
Біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адами капиталды дамытуымыз керек.
Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет.
Өйткені Қазақстанның болашағы білімді әрі білікті азаматтардың қолында.
Мемлекет төтенше жағдай кезеңінде мұқтаж жандарды ерекше қамқорлыққа алды.
Мұндай іс-шаралар, тіпті, дамыған мемлекеттерде де болған жоқ.
Тағы бір маңызды мақсат – шағын және орта бизнесті өркендету.
Оған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керек.
Ұлттық экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін міндет.
Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру қажет.
Бұл – оңай мәселе емес. Дегенмен, оны басты назарда ұстаймыз.
Біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз.
Онсыз мемлекетіміз дамымайды.
Осы ретте мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру аса маңызды.
Бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек.
Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді.
Осы тұрғыда мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы зор деп ойламын.
Жалпы, біз Елбасы мақұлдаған Ұлт жоспарын міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек.
Бұл – бүгінгі заманның талабы.
Міне, бүкіл еліміздің алдында тұрған осындай міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтары арасындағы үйлесім қажет.
Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше.
Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау.
Мұндай заңдар реформаларға жол ашады, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді.
Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы. Бұл мәселе бойынша дау жоқ.
Бұл ретте, сіздердің жұмыстарыңыз өте жауапты екенін жақсы білемін.
Өздеріңізге мәлім, менің жарлығыммен Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды.
Ол Сенат Төрағасы ретінде бір жылдан астам белсенді әрі жемісті жұмыс істеді.
Сол үшін Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдірдім.
Құрметті Сенат депутаттары!
Менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды.
Конституцияның 58-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын.
Ол мемлекет қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді жұмыс атқарды.
Парламент жұмысын жақсы біледі.
Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан, бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ.
Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын Сенат Төрағалығына лайықты деп санаймын.
Құрметті депутаттар!
Баршамыз күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек.
Әрдайым бағыт-бағдарымыздан жаңылмай, алға батыл қадам жасайық.
Жалпы, Сенат депутаттарының жұмысына ризамын.
Бірлігіміз бекем болса, кез келген қиындықты еңсереміз.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін
Рахмет!
Нұр-Сұлтан қ., 4 мамыр, 2020 ж.