Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » «ЖЕҢІС ЕСІМДЕРІ» АКЦИЯСЫ

«ЖЕҢІС ЕСІМДЕРІ» АКЦИЯСЫ

АСҚАРОВ ӘБДІҒАПБАР– 1923 жылдың 10 қыркүйегінде ОҚО, Түлкібас ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы маусым айында осы Қызылжар елдімекенінен досы әрі ауылдасы Асайын Рахматуллаев екеуі аттанған. Олар Сталинград майданына түсіп, 34-атқыштар полкінде болған. Сондай-ақ күздің қарасуығында Есенткуи қаласында, Орел-Курскіде шайқасқан. «Дон өзенінің сол жақ жотасында соғыстық. Неміс ұшақтары кезек-кезек бомба тастаумен болды. Окопта қирандылардың үстінде, бомбаның астында жаттық. Бомба әр тасталғанда жер солқылдап кетеді. Жанымызды шүберекке түйіп біз жатамыз. Өліп кетіп жатқандар да болды. Е-е несін айтайын балам, біз ауыр соғысты басымыздан кешірдік қойды» дейді атамыз күрсініп. Атамыз 2 рет ауыр жараланған. Алғашқысында кескілескен ірі шайқаста «Алға!» деген команда берілгенде кейіпкеріміз барынша аузын ашып, «Уралап» жауға ұмтыла бергенде жау оғы аузынан кіріп, шүйдесінен шыққан. Ол госпитальға жатып емделіп, соғысқа қайта қосылған. 1944 жылы 6-шы тамыз күні 2-ші рет ауыр жараланып, Есенткуидегі госпитальдан бірақ шығады. «Оң қол, оң басым, аяқ-қолым оқтан қатты жараланып, есімнен танып қалдым. Содан ІІ-топтағы мүгедек болып, комиссияның шешімімен елге қайтарылдым» деп Ұлы Жеңіс жауынгері ауыр күндерді еске алды. Майдандас досы Асайын екеуі жақсы араласып, қызмет бабында да бір-біріне сүйеу болған. Ә.Асқаров Ұлы Отан соғысына қатысып, оқ пен оттың ортасында жүріп елін қорғауға атсалысқаны үшін «Станлинградты қорғағаны үшін», «Орелды қорғағаны үшін», «Г.К.Жуков», «За боевые заслуги», «За победу над Германией» медалдарымен марапатталған, екі рет қатты жараланған. 1944 жылы наурыз айында қатты жараланып, әскер қатарынан ІІ-топтағы мүгедегі болып елге оралған. ҰОС біткен соң жоғарғы оқу орнына түсіп, оқу орнын бітіріп, «ХХІІ партсъезд» колхозында есепші-экономист, ревизор болып жұмыс істеп, осы колхоздан зейнеткерлікке шықты. 1946 жылы отбасын құрып, әйелі Асқарова Нуршай 1 қыз, 5 ұл өсіріп, оқытып үйлендіріп, осы ұл-қыздарынан 23 немере, 20 шөбере сүйіп отыр. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 20 ж. 30 ж. 35 ж. 40 ж. 45ж. 50 ж. 55 ж. 60 ж. 65 ж. 70 ж. мерекелік медалімен наградталған. Әбдіғапбар ата «Енді соғыс болмасын! Еліміздің аспаны ашық болсын! Ұрпақтарымыз біз көрген қасіретті көрмесін деп ақ батасын беріп отыр.
#Qaharman

© DIDARBEK.kz

 

Пікір жазу