Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ГЕНЕРАЛ БОЛАДЫ – ШЫМКЕНТТЕН КЕТПЕЙДІ!

ГЕНЕРАЛ БОЛАДЫ – ШЫМКЕНТТЕН КЕТПЕЙДІ!

Полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов Шымкент қаласының полиция департаментін басқарғалы үшінші мегаполисте оң өзгерістер айқын көріне бастады. Ол, біріншіден, полиция қызметкерлерінің халыққа, елге жақындай түсуі, қала тұрғындарының мұң-мұқтажына көңіл бөліп, назар аударуы. Қала көшелерінде тәртіп орнай бастағаны да бірден байқалады.

Екіншіден, полиция қызметкерлері қала мектептерінің жанындағы жолдан өтуге кішкентай бүлдіршіндерімізге ештеңемен өлшенбес жәрдемін тигізді. Қазіргі таңда оқу мекемелерінің жанында бала өлімі мүлдем тіркелмейтін жағдайға жеттік. Өйткені, қала полициясының басшысы бала қауіпсіздігін бірінші кезекке қойды. Бүгінде Шымкент полициясының игі бастамасын бүкіл республика полицейлері қолдағаны бізді қуантады.

Сонымен қатар, жол қауіпсіздігіне байланысты да бірқатар шұғыл шаралар іске асып, жаяу жүргіншілер де, көлік жүргізушілері де жолда жүру ережесін барынша сақтауға тырысатын болды. Бұл – үшіншіден.

Төртіншіден, ТМД елдерінің биылғы мәдени астанасында криминогендік ахуал күрт жақсара түсті. Бұған, әрине, тек қуануымыз керек.

Шымкент полицейлері елде жарияланған төтенше жағдай барысында да тұрғындардың амандығы мен түрлі қылмыстарды болдырмау үшін тәулік бойы жұмыс жасап келді. Ал, көптеген тосқауыл бекеттердегі қыруар жұмыстары – ештеңемен өлшенбес сауапты іс болды.

– Шымкент полициясы әрқашан қызметке дайын! – деді бізбен кездесуінде полиция полковнигі Е.Жұмаханбетов.
– Сіз өте жақсы адамсыз, – дедік біз. – Сіз келгелі қала тұрғындары полицияны жек көруді қойып, өз бауырларындай қабылдайтын болды. Сіздің генерал болмағаныңызды тілеп жүрміз…
– Неге? – таң қала сұрады полиция басшысы.
– Өйткені, генерал болсаңыз, сізді Шымкентте қалдырмайды, әрі қарай өсіп кетесіз, – дедік біз.
– Уайымдамаңыздар, генерал болсам да, қызметімді Шымкентте жалғастырамын, – деді полковник.
– Уәде ме?
– Уәде!..

Осы әңгімеден соң, біз райымыздан қайтып, Ерекеңнің генерал болғанын қуаттай түстік. Өйткені, үшінші мегаполис полициясының басшысы генерал болмағаны бізге сын.

Уәдесін алып болған соң, полиция қатарындағы жемқорлық айғақтары туралы сұрадық.
– Тікенді түбімен жұлып алмайсың. «Коррупциямен» күресіп жатырмыз, бар арамызда, мойындаймыз, – деді. Шыншылдығына да, ақиқатты бүкпесіз айтатынына да тәнті болдық.

Жалпы осыларды айта келіп, Шымкент полициясына, тәртіп сақшыларының қаламыздағы басшысы Ералы Мұсаәліұлына шын жүректен өз алғысымызды жеткізсек деген ниетіміз бар және генерал шені құтты болсын демекпіз.

Көп рахмет сіздерге, мегаполис сақшылары!..

© Әсет Әссанди,
Шымкент қаласы бойынша
Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі.

Пікір жазу