Бүгін үшінші күн. Мақтааралдамыз. Не көрдік, не білдік? Айтайық. Топан су. Толқу. Үрей. Алаңдау. Уайым. Суға батқан үйлер. Суға аққан мал. Кілкіген каналдар. Арнасынан асқан арық-атыздар. Қызыл су құрсауындағы егістік алқаптары. Халықты көшіру. Орналастыру. Жатын орын беру. Көрпе-төсекпен қамту, тамақтандыру. Азық-түлік пен өзге де өмірге қажетті заттармен қамтамасыз ету. Медициналық бақылауға алу, жәрдем беру. Әскер тарту, техника жинап, дамба көтеру. Мың-мыңдап қапшық жинау, топырақ тасу. Жал көтеру. Штаб жиыны. Талқылау. Таразылау. Қауіптің қарқынын бәсеңдету. Су басу қаупі бар ауылдардың тұрғындары мен мал-мүлкін көшіру. Көмектесу. Мал мен егін шығынын сараптау. Қойма жасақтау. Тізім жасау. Азық-түлік үлестіру. Үйлестіру. 1000-ға жуық адам ауданда жүр.Олар: облыс әкімі бастаған штаб мүшелері, төтенше жағдай қызметі, полиция, медицина, су ресурстарының, ауыл шаруашылығының мамандары,БАҚ өкілдері күндіз-түні қызметте. Аса қауіпті, жауапты аймақтарда жүрген мамандардың тіпті ұйқысыз таң атырып жүргендері жалған емес.
Ақпарат айдыны мазасыз майданға айналды. Өзгерген цифрлар. Жаңарған жаңалықтар. Тікелей эфирлер, брифингтер, түсірілімдер. Әлеуметтік желілердегі жел сөздер. Ватцап пен интраграм, телеграм толы бейне баяндаулар. Дәлел-дәйексіз кінәлаулар. Сан мың сауалдар, жүздеген жауаптар. Көрсе де көрмегендей, берсе де алмағандай болулар. Айқай мен шулар.
Қайырымды жандар. Көмектер. Пейілдер. Ниеттер. Тонна-тонна тауарлар. Ағып кеп жатқан азық-түліктер. Камаз-камаз керек-жарақтар. Даладай дастархандар.
Халықтың алакеуіл алаңдаулары. Алланың ісіне көндігу. Бас амандығына шүкір етулері, қамқоршы жандарға алғыс-баталары. Жұбанулар, жұбатушылар. Көздегі мөлдір жастар. Күрсіністер. Қимастық қылықтар. Амал бар ма? Әрине, өмір тоқтамайды. Барға қанағат, жоққа салауат. Ең бастысы – бас аман,бауыр бүтін. Су жаңа үйлер салынар, керек-жарақ алынар, мал да бітер.
Ынтымақ пен Бірлік бар. Алда қаншама тындырымды, тынымсыз тірлік бар. Сенім бар, сену бар. Қиындықты жеңу бар. Жандану мен жаңару бар. Ынта-ықылас бар, Жігер бар. Осы бардың бәріне, барына тәубе.
Төртеу түгел, алтау ала емес. Аллаға мың да бір шүкір! Бізге керегі сары алтын сабыр мен ымыралы ынтымақ. Берекелі бірлік. Осылардың бәрі бар боп тұрып, нәтижелі жұмыстың болмауы мүмкін емес. Мен өз басым келешекке сенемін. Ынтымақты елдің соңынан еремін…
© Айдар Сейдәзім
жері мен елі мырза Мырзашөлден