Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Қазіргі таңда Мырзашөл өңіріндегі бауырларымыз су тасқыны салдарынан зардап шегіп отыр. Қасиетті айдағы жағымсыз хабар күллі Қазақ елін алаңдатқаны сөзсіз. Су басқан ауыл, пана іздеген қауым, қорада қалған мал, далаға қалған жан. Осының бәрі судан келген апатта болған жағдайдан көрініс.
«Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Жазым дегеніңіз аяқ астында екені белгілі. Ең бастысы бас аман, адам шығыны жоқ. Тәубе. Материалдық шығын есептелуде. Өкімет тиісті шараларды қабылдап жатыр. Бұндайда бекем болу керек. Алладан сабыр тілеймін.

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
Жағымсыз жаңалық жетісімен жақсылыққа жаны құмар жандар көмекке асықты. Жақсылық жасауға, жыртыққа жамау болуға ниеттенді. Солардың ішінде Сайрам ауданының ерікті азаматтары да бар. Жұрт болып жұмылып игілікті істің ұйытқысы болды. Басына іс түскен бауырларға жәрдем ұйымдастыруды бастап кеткен белсенді жастар бірінші кезектегі қажетті заттардың тізімін жасақтап, сатып алды. Техника мәселесі де жанашыр жандардың арқасында тез шешілді. Таңертең аузын бекітіп, Мақтааралға қарай жол тартты. Бара салысымен жоспарлы жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында тиісті көмек беруге асықты. Көпшіліктен жиналған, сатып алынған заттарды, азық-түліктерді мұқтаж жандарға жеткізді. Кешке арнайы тамақ әзірлеп, ауызашар берді.
Осы орайда, еңбегіне ешқандай ақы талап етпейтін, қайтарым күтпейтін еріктілерге алғыс айтамын. Әсіресе Қарабұлақ ауылының белсенді жастарды осындай шараларда көпке үлгі болып келуде.

ҚАНҒА СІНГЕН ҚАСИЕТ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет» деп айшықтап көрсеткен болатын. Рас-ақ. Волонтерлік – өз еркіңмен, шынайы жүрек қалауымен атқарылатын жұмыс. Бұл –имандылық пен парасаттылықтың айқын көрінісі.
Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған Еріктілер мектебінің белсенді жастары қашанда игі істің іргісінде, жақсылықтың жанында жүреді. Қоғамдық, қайырымдылық шаралардан тыс қалған емес. Патриоттық сезімі терең, күш-жігері ерен, жамандыққы «тыйым» дейтін, жақсылыққа бейімдейтін жастарымыз аман болсын.

©Жаңабек Хамраев,
Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы

 

Пікір жазу