Оңтүстік Қазақстанда жыл басынан бері 30 мыңнан астам, нақтырақ айтқанда, 30348 жұмыс орны ашылған. Жаңа жұмыс орындарының құрылуы бойынша күнгей еліміздегі барлық облыстар ішінде көш бастап тұр. Ал ашылған жаңа жұмыс орындарына 4127 азамат жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасыпты. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары хабарлады.
Тарқатып айтсақ, 2017 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметке сәйкес, жаңадан ашылған жұмыс орындарының ішінде 1667 орын «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, 1030 орын «Нұрлы жер», 115 жұмыс орны «Индустриялды-инновациялық даму», 396 орын «Бизнестің жол картасы 2020», 18134 орын мемлекеттік салалық бағдарламалар арқылы құрылса, 7627 орын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы мен 1379 орын «2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған.
Жалпы, 2017 жылдың жоспары бойынша өңірімізде мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде 66764 жаңа жұмыс орындары ашылатыны жоспарланып, онда 5677 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Республикада ашылған жаңа жұмыс орындары туралы мәліметті жинақтаған Алматы мен Астана қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерінің дәйегінше, бұл саладағы көшті Оңтүстік Қазақстаннан соң Астана қаласы жалғайды. Онда осы жылдың 1 шілдесіне дейін 17 033 жаңа жұмыс орны құрылған. Кезекті одан әрмен тарқатсақ, Алматы облысында 13 020 жұмыс орны, Алматы қаласында 12830, Маңғыстауда 11821, Жамбылда 11643, Атырау облысында 10656, Шығыс Қазақстан облысында 8529 жұмыс орны жаңадан ашылса, Ақтөбеде 8204, Солтүстік Қазақстанда 7668, Ақмола облысында 7217, Павлодарда 7186, Қызылордада 7017, Батыс Қазақстан облысында 5938, Қостанайда 5603, ал Қарағандыда 5493 жұмыс орны құрылған.
Жалпылай айтқанда, Қазақстанда жыл басынан бері жарты жылда 170206 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 118240 орны тұрақты жұмыс орнына жатады. Ал ашылған жұмыс орындарының 78 мыңға жуығы ауылды жерлерде ашылған.