Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетті. Бейбіт күннің орнауына себепкер болған батырлармен жүздескен шаһар басшысы қазыналы қарттарға арнайы сый-сияпат жасады, деп жазады қалалық «Түркістан» газетінің тілшісі Н.Кеңесбековтің материалына сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Ардагерлерге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің Құттықтау хатын, Ресей Федерациясынан арнайы жіберілген Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медалін табыстады. Түркістандық майдангерлер Әбжаппар Дайрабаев, Немет Абдрасилов, Құрбанай Мубараков өз ризашылықтарын білдіріп, ел тыныштығын тілейтіндіктерін жеткізді.
“Қадірменді майдангерлер, сіздер батырлық пен батылдықтың, ерлік пен елдіктің үлгісісіздер. Жұртшылыққа тыныштық сыйлағандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Бүгінгі ұрпақ алдарыңызда қарыздар екенін әрқашан естен шығармайды”,-деді Рашид Абатұлы.
Облыс орталығында 4 ардагер мен 662 тыл еңбеккері тұрады. Айбынды азаматтарға қолдау білдіру жылдағы дәстүрге айналған. Биыл жергілікті бюджет есебінен түркістандық 4 соғыс ардагеріне 1 млн теңге қаржылай көмек берілсе, тыл ардагерінің әрқайсысы 30 мың теңге сыйақы алған.
© DIDARBEK.kz